Арнайы репортаж: Бозжыра да қоқыс алаңына айнала ма

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Табиғат инспекторлары Маңғыстау өңіріндегі Жабайұшқан қаумалы тұрмыстық қатты қалдықтарға толып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Бұған себеп жан-жақтан есепсіз ағылып жатқан келушілердің көптігі дейді қорықшылар. Сондықтан Бозжыраны тамашалап келген туристерге жағдай жасау сұралып отыр. ҚазАқпарат тілшісі Бозжыраға арнайы барып қаумалдың бүгінгі жағдайын көріп қайтты.

Мамыр айы басталғалы «Бозжыра» шатқалына баратын туристер саны артқан. Бүгінде шатқалға күніне орташа есеппен 70-80 адам келеді екен. Сәуір айының өзінде 1070 адам осында табиғатты тамашалап, демалған. Ал сол келушілерге жағдай жасалмаған. Себебі саяхаттаушылар бей-берекет қалдырған тұрмыстық қалдықтар жер-жерде шашылып жатыр.

«Бозжыра» шатқалы облыс орталығы Ақтаудан 300 шақырым жерде орналасқан. Алдымен Жаңаөзенге, сосын Қызылсай ауылының іргесімен жүресіз.

Одан әрі 20 шақырымдай жолсыз жер басталады. Бір күнге жайлы жол талғамайтын көлікпен бару ақысы 80 мың теңгеден басталады.

Бозжыраға келгенде алыстан 1-2 көлікті көзім шалды. Бұл Қарағандыдан арнайы келген туристер екен.

«Қарағанды облысынан отбасымызбен келдім. Бәрі тамаша. Бір ғана кемшілігі - демалатын орында тамақ ішкенде қоқыс тастайтын жер болса керемет болушы еді. Қонақүйлер салынып жатса, енді тағы келуге болады екен», - деді Жанқанат Ырзықбай.

Мамыр айы басталғалы келушілер саны 800-ге жуықтаған. Туристер шатқалға жазық жердегі 10-нан астам дала сүрлеуі арқылы жетеді. Ал келуішілердің табиғатты бүлдіріп, аң-құсына зиян келтірмеуін «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мекемесінің инспекторлары қадағалайды. Мекемеде 10-ға тарта инспектор бар. «Жабайұшқан» қаумалын 2 инспектор бір аптадан кезекпен бақылайды. Алатын жалақысы 100 мың теңгедей.

«Енді барынша ескертіп жатырмыз. Нұсқаулық береміз. Бұл жерде от жағуға болмайды, қоқыс тастауға болмайды. Бірақ туристердің барлығына бірдей бақылау қоя алмай отырмыз. Тіркелмей, біздің ырқымызға көнбей келіп те жатқан туристердің қатары өте көп. Соның дәлелі - осы қоқыс. Жүк көлігі бар. Сонымен аптасына 2 рет жинап кетеміз», - деді «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ қызметкері Наурыз Әнесов.

Инспекторлардың айтуынша, Бозжыраның үстінен және астынан баратын екі сүрлеуді бақылауға шама жетеді. Басқа бағыттағы жолдарды қадағалау үшін жол талғамайтын көлік те, қызметкер де тапшы. Мәселені шешудің бір жолы – шатқалға жақын жерден туристерді қабылдау орталығын салып, жолды асфальттау –дейді мамандар.

«Өткенде келгенде сонау екі азу тіс тұрған жердің баурайына машинаның өрмелеп салған ізі жатты. «Жабайы туризм» дегеніміз осы. Туристерді қабылдау үшін алдымен жоғарыдан жол салынуы керек. Бекет ата жолынан осы панорамаға дейін небәрі 10 шақырым. Ол жоба жасалып жатыр. Төмен Жосалыға қарай түсетін 18 километр жол тағы бар. Міне, осыны асфальттау керек. Туристер орталығына келіп, көлігін тастап, мына алқапқа тек қана велосипедпен, атпен, тіпті көремін десе әуе шарымен көтерілуге болады», -деді эколог Орынбасар Тоғжанов.

Жабайұшқан табиғи қаумалына наурыздан бері әр адам 291 теңге төлеп кіреді. Соңғы екі айда келушілердің саны 2000-ға жуықтағанын ескерсек, жаз айларында бұл жерге келушілердің саны 3-4 есеге артады деген болжам бар. Алайда туристер үшін мүлдем жағдай жасалмаған. Бозжыра басында не дәретхана, не жуынатын орын жоқ. Жолдың жоқтығы тағы бір мәселе.


Соңғы жаңалықтар