Арнайы прокурорлар ШҚО-дағы түзеу мекемесінде адамдардың азапталғанын дәлелдеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Арнайы прокурорлар Шығыс Қазақстан облысындағы түзеу мекемесінде адамдардың азапталғанын растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, прокуратура органдарының негізгі міндеттерінің бірі - азаптауды жою.

Қадағалау органы тергеудің заңсыз әдістері мен сотталғандарға қатыгездік көрсеткені үшін кінәлі адамдарды жауапқа тартады.

Биылғы ақпанда Бас прокурордың наразылығы бойынша Жоғарғы Сот Ішкі істер министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің жедел уәкілі, полиция қызметкері М.-ға қатысты Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сатысының ақтау үкімінің күшін жойды.

Бұған дейін оны жүйелі азаптауды ұйымдастырғаны үшін бірінші сатыдағы сот үш жыл алты айға бас бостандығынан айырған болатын.

Тергеу барысында Бас прокуратураның арнайы прокурорлары мекемедегі бұрынғы полиция басшылығымен қылмыстық жазасын өтеп жатқан адамдарға азаптау шаралары қолданылғаны туралы нақты дәлелдер тапты.

Атап айтқанда, полиция қызметкері М. өзіне тәуелді жағдайлардағыларға басқа сотталғандарға азаптауды қолдануға нұсқау бергені анықталды. Сотталғандарды жазаны өтеу режимін бұзуға жатпайтын әрекеттер үшін жазалаған.

Мысалы, сотталған адам жеткілікті қырынбағаны үшін немесе мекеме қызметкерлерінің аты мен әкесінің атын ұмытып кеткені үшін қатаң жазаға ұшырайтын болған.

«Бүкіл азаптау процесі бейнекамераға жазылды. Қазіргі уақытта бұрынғы полиция қызметкері М. азаптауды ұйымдастырушы ретінде сотталды. Мұндай фактілерді анықтау жұмыстары жалғасуда»,-делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар