Арнайы ХҚО қызметкерінің ұсталуына қатысты түсініктеме берді
2022 жылғы 16 тамыз 15:25

Арнайы ХҚО қызметкерінің ұсталуына қатысты түсініктеме берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерінің ұсталуына қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік корпорация сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жою саясатын ұстанады. Мемлекеттік корпорацияның Ішкі қауіпсіздік басқармасы тұрақты негізде ішкі аудит нәтижелері бойынша қызметкерлер тарапынан заңсыз әрекеттерді анықтайды. Жиналған барлық материалды Ішкі қауіпсіздік департаменті одан әрі тергеу үшін құқық қорғау органдарына тапсырады», - деп хабарлады аталған корпорациядан.

Мемлекеттік корпорацияның қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Нариман Дүсекеевтің атап өтуінше, 2022 жылдың 6 айында департамент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен мүдделі құқық қорғау органдарына көлік құралдарын қайта тіркеуге және жүргізуші куәліктерін беруге қатысты заң бұзушылықтар туралы 33 хат жолдаған.

«Ұсталған қызметкерге келсек, оның әрекетіне уәкілетті органдар құқықтық баға береді», - деді Нариман Дүйсекеев.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары кезінде Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары мен полиция қызметкерлерінің мемлекеттік тіркеуден өткен көлік құралдарын тіркеу кезінде заңсыз баюдың қылмыстық схемасын әшкерелеп, жолын кескенін хабарлаған едік.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT