Арнайы экономикалық аймақтардың жұмысына талдау жүргізілді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Индустриялық даму комитеті арнайы экономикалық аймақтардың жұмысына талдау жүргізіп, олардың тиімділігін арттыру бойынша шаралар кешенін әзірледі, деп хабарлайды ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 13 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Ел өңірлерінде түрлі салалар бойынша кластерлер құрылған. Жалпы, өңдеу өнеркәсібінде 1,9 трлн теңге сомасына 297 жоба іске асырылды, сондай-ақ 209 жоба іске асырылу сатысында. IT, логистика, сауда, денсаулық сақтау, ғылым және туризм сияқты салаларда 131 жоба жүзеге асырылған.

Ендігі кезекте сала мамандары аралас режимде жұмыс істейтін аумақтарды енгізуді ұсынып отыр. Яғни, жоба арнайы экономикалық аймақ қызметінің басым түрлеріне сәйкес келмейтініне қарамастан, инвестор АЭА аумағында орналасып, олар үшін инфрақұрылым қолжетімді болады. Алайда, бұл жағдайда салықтан босату сияқты жеңілдіктер берілмейді. Жеңілдікті режим жобаның әлеуметтік-экономикалық нәтижесіне және технологиялық күрделілігіне байланысты сараланған түрде әрекет ететін болады.

Бұдан басқа, АЭА басқарушы компанияларының кадрлық құрамына ерекше назар аударылатын болады. Директорлар кеңесінің құрамына инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша тәжірибесі бар тәуелсіз директорларды енгізу мәселесі қарастырылуда. Сонымен бірге қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру мақсатында оларды шетелдік арнайы экономикалық аймақтарға тағылымдамаға жіберу де жоспарда бар.

Айта кетерлігі, АЭА қатысушылары үшін барлық қажетті жеңілдіктер қарастырылған. Яғни, резиденттер корпоративтік, жер және мүлік салығын төлемейді, сонымен қатар орналасқан жер учаскелеріне қажетті инфрақұрылым тартылады.


Соңғы жаңалықтар