Арнайы экономикалық аймақ аясында елордада қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында арнайы экономикалық аймақ жобасы аясында жұмыс істейтін өнеркәсіп нысандарының жұмысы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордадағы «Астана – жаңа қала» экономикалық аймағында осы уақытқа дейін 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, 50 жоба іске қосылды және 31 жоба қолға алынып жатыр.

«Нұр-Сұлтан қаласына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс істелініп жатыр. 2019 жылы 1,1 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылса, 2020 жылы бұл сома 2 трлн теңгеге жетті. Инвестиция көбіне өнеркәсіп саласына құйылып жатыр. Соның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, халықты еңбекпен қамту жоспарға сай жүріп жатыр. Қазіргі уақытта елордадағы арнайы экономикалық аймақта 52 мекеме жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, биыл тағы 10 өнеркәсіп орны іске қосылмақ. Атап айтқанда, косметика және иіссу шығаратын өнеркәсіп, лифт, құрылыс заттары зауыты және тағы басқа», - деді елордадағы Арнайы экономикалық аймақ басшысының орынбасары Бақытжан Досқазиев.

Сондай-ақ, аталған өкіл отандық өнімдердің алыс-жақын шет мемлекеттерге экспортталып жатқанын айтты.

«2019 жылы астаналық АЭА-нан 11 млрд теңгенің тауары эспортталды, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 28 млрд-қа дейін өсті. Бүгінде отандық өнімдер Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей, Молдова, Түркия және Тайланд елдеріне экспортталып жатыр. Олардың қатарында электровоз, локомотив, ауыл шаруашылығында қолданатын тыңайтқыш өнімдері, малдың құлағына арналған сырға және тағы басқалар бар. Одан бөлек, жақында ғана Түрікменстан мен Татарстанға жұмыс сапарымен барып елордада өндірілетін өнімдері таныстырып, сонда сату жөнінде келісімге келдік», - дейді ол.

Бүгінде елордада АЭА аясында іске қосылған өнеркәсіптің бірі «Спецпроектпрогресс» ЖШС. Онда металл құрылымдары мен сэндвич панель өндіріледі және оның жобалық қуаты 4 мың тоннаға дейін өнім шығара алады. Аталған жерде 200-ден астам адам жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар «Astana Ютария ltd» ЖШС. Жеңіл өнеркәсіп бағытындағы аталған нысан киім-кешек, тоқыма өнімдері, төсекжай жиынтықтары мен тігін өндірісіне қажетті заттарды шығарады. Құны 2,5 млрд теңгені құрайтын жоба бойынша бүгінде 400-ден астам адам еңбек етуде.

Айта кетсек, бүгінде елімізде 13 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін 303 жоба іске қосылып, ол 20 мыңнан астам жұмыспен қамтыды.

АЭА-та шығарылған өнімдер арасында тікұшақтар, винтовкаға арналған оптикалық көздеуіштер, түнгі көру құрылғылары, бронетранспортерлер, локомотивтер, электрлі локомотивтер, жолаушылар вагондары, премиум-құбырлар, мақта целлюлозасы, полипропилен жіптері және тағы басқа.


Соңғы жаңалықтар