Арнаулы әскери жиынға шақырылған 94 батысқазақстандық қызметке кірісті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында арнаулы жиынға шақырылған 94 адам әскери қызметтерін атқаруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі Мақсат Мұқановтың айтуынша, олардың бәрі 24 сәуірден бастап қызметтеріне кірісті.

Облыс бойынша барлығы 300-ге жуық адам өтініш білдірсе, соның ішінен 94-і іріктеліп алынды. Бұлардың ішінде 8-і – офицер, қалғандары – сержанттар, қатардағы жауынгерлер.

Орал қаласында 24 адам қала көшелері мен блокпосттарда қызметтерін атқарады. Сол секілді Ақжайық ауданынан – 13, Бәйтеректен – 9, Бөрліден – 15, Жәнібектен – 16, Тасқаладан – 9, Теректіден 8 адам шақырылды. Олар сол алты аудандағы блокпосттарда іске кірісті.

«Арнаулы жиын бойынша алынғандардың барлығы әскери киім-кешекпен, жеке қорғаныс құралдарымен, тамақпен қамтамасыз етілді. Олар жалақы алумен бірге «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» заңына сәйкес барлық жеңілдіктерді пайдаланады. Ең бастысы, өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарады деп сенеміз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Мұқанов.


Соңғы жаңалықтар