Армысың, Әз Наурыз!

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Самарқанның көк тасы жібіген, Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын тойлап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурыз - бақыттың бастамасы әрі жақсылықтың жаршысы. Қазақ халқы Наурыз мейрамын айрықша атап өтеді. Себебі, Әз Наурыз - қазақтың жаңа жылы. «Наурыз» сөзі - «жаңа күн» дегенді білдіреді. Міне, сол себепті наурыздың жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағына теңелетіні де сондықтан.

Қазақтың жаңа жылы республика көлемінде кеңінен аталып өтеді. Ірі қалалардың басты алаңдарында жұртшылықтың мол жиналатыны да осы шақ. Қара жорға биленер, қара домбыра күмбірлер, күрес те болар, қол тірес те болар, арқан тартыстың көркі де қызар. Қыс бойы тоң боп қатқан мұзбен бірге халықтың көңіл жайлауы да дәл осы Әз Наурызда жібіп, көңілі көтеріліп жүргені аңғарылар.

Кеше ерте таңнан бері «ЭКСПО» аумағына елорда тұрғындары ағылып, Астана Наурыз мерекесін тойлауды бастап кетті. Той-думанға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Мейрамға орай мемлекеттік органдар, елордадағы этномәдени бірлестіктердің күш салуымен ЭКСПО аумағында 17 киіз үй тігілген еді. Қала тұрғындары мен қонақтары аталмыш аумақтағы дәстүрлі этноауылмен қатар, бірнеше тақырыптық музей-киіз үйлерді де бүгін көруіне болады.

Айта кетерлігі, кеше елордада мерекелік шара барысында 9 жұп неке қиған күндерін атап өтті.

Елбасы некелерін қиған жас отбасыларды есте қаларлық осы маңызды күндерімен құттықтап, жастарға бақытты ұзақ өмір тіледі. Нұрсұлтан Назарбаев елдегі тыныштықтың сақталуын, әрбір отбасының өсіп, өркендеуін, сондай-ақ жастардың патриоттық рухта тарбиеленуін тілек етті.

Наурыз мейрамында ҚазАқпарат ұжымы барша қазақстандықтарға құт-береке тілейді. Жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Әз Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыс әкелсін. Ел аман болып, арайлап атқан әрбір таң шат көңіл, бақыт және береке сыйласын. Ақ мол, жыл ырысты болсын!

Соңғы жаңалықтар