Армян қызы Сюзанна Овсепян: Қазақ әндерін ерекше тамсанып тыңдаймын

None
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Балқаш қаласында тұратын армян қызы Сюзанна Овсепян қазақ тілін үйренуге оған қазақ халық әндері түрткі болғанын айтады. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген бойжеткен болашақта өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуді мақсат қылып отыр.

Сюзанна Овсепян Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» әнін орындағанда, туғандары мен достары оны елжіреп тыңдайды. Бұл ән жұмыр жер бетіндегі әр қазақ баласына таныс десек те, жас өнерпаздың орындауында тіптен түрленіп кетеді.

Сюзанна Овсепянды қазақша ән айтуға ешкім күштеп үгіттемеген. Қазақтың ән өнеріне деген құштарлығы мектеп қабырғасында басталған. Содан қазақ музыкасын жанына серік етіп келеді. Тіпті мемлекеттік тілді үйренуге де осы ән жетелеген екен.

«Көзімнің қарасы» әнін орындағанда қазақ халқына деген ерекше махаббатымды сезінемін. Қазақ әндері әуенді, әуезді, әсем болып келеді. Қазақ әндерін естіп қалсам, ерекше тамсанып тыңдаймын», - дейді Сюзанна Овсепян.


Сюзанна үшін поэзия - ұлы әлем, тылсым күш. Ол қазақтың бас ақынының шығармаларынан тәрбие алып, тағылым теретінін жеткізді.

«Қазақ тілін үйрену соншалықты қиын емес. Егер ортаң қазақы болса, тіптен оңай. Қазақ тілін жетік меңгерудің артықшылықтарына тоқталар болсам, бірінші кезекте достарымның қатары артып келеді. Олармен еркін қазақ тілінде сөйлесіп, бәрін түсінемін. Өз-өзімді дамытуға да септігін тигізуде», - деп бөлісті бойжеткен.

Сюзанна Овсепян Әлихан Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжінің 2-курс студенті. Болашақ мамандығы — бастауыш сынып мұғалімі. Сонымен қатар қазақ тілін меңгергісі келетін өзге ұлт өкілдерінің балаларын оқытады.


Соңғы жаңалықтар