Армиядағы әлімжеттік мәселесі: Қандай шаралар қабылдануда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қарулы Күштері сапында әлімжеттікті жою жөніндегі жұмыстардың арқасында осындай жағдайлардың саны бір жылда 47%-ға төмендеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының орынбасары полковник Ермиян Бятовтың айтуынша, бүгінде таңда әр лауазымды тұлғаның мансабы бөлімшедегі тәрбие жұмысын дұрыс ұйымдастыруға байланысты болады. Яғни, лауазымды көтеру, әскери атақ алып, академияға түсу үшін бастықтар осы мәселеге ерекше назар аударуы керек.

«Барлық дәрежедегі командирлер, сондай-ақ сержанттар бұған жеке басымен жауап береді. Олар әскери қызметшілер арасындағы тәртіпті қолдауға барлық күш-жігерін салады», - деді Ермиян Бятов.

Ең алдымен барлық әскери қызметшінің жауынгерлік даярлығы, спортты, бос уақыт пен тәрбие іс-шараларын қамтитын нақты күн тәртібі тұрақты түрде бақыланады. Жеке құрамды бақылау үшін «Жауынгерлік дос» жүйесі енгізілген. Ол бойынша әдетте лауазымы мен әскери атағы бойынша тең екі әскери қызметші бір-біріне бекітіледі. Бұл мінез-құлықтағы нормадан ауытқу белгілерін уақтылы анықтауға және әскери ұжымда жағымсыз қылықтарды алдын алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, әскери бөлімдерде Қорғаныс министрлігі әзірлеген оқу модульдері бойынша оқыту мен тәрбиелеу жұмыстары жүргізілуде. Оларға ахуалдық кейстер қоса беріледі. Онда қақтығыстарды оңтайлы шешу жолдары, жарғыдан тыс қарым-қатынастың салдарынан орын алатын ахуалдар ұсынылған.

Осы бағытта белсенді түсіндірме жұмыстарды әскери полиция да жүргізеді. Егер тұлға аралық немесе қызметтік мәселелерді шешуде біреу күш қолданса, құқық қорғау органдары дереу әрекет етеді.

«Қабылданған ұйымдастырушылық шараларды ескере отырып, құқыққа қарсы әрекет жасау және оны байқамай қалу шын мәнінде мүмкін емес. Бөлімдердегі бейнебақылау жүйесі барлық нысан мен үй-жайларды қамтиды. Кез келген жарақат, анықталған жағдайда қызметтік тексеру жүргізіледі, материалдар қарау үшін әскери полицияға жіберіледі», - дейді ол.

Тиімді ойлайтын жастар әскери билет алудың орнына сотталушының орындығына отырғызылып, өмір бойы сотталғандығын айшықтайтын таңба тағылатынын анық түсінеді. Жеке құраммен жұмыс істейтін офицерлер де, сержанттар да, қызметкерлер де әлімжеттікке жол берсе әлеуметтік кепілдіктері бар тұрақты жұмыстан айырылуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар