Армениялық көлік Қызылордада 28 рет жылдамдық асырып, видеокамераға түскен

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Арменияда тіркеуде тұрған көлік жүргізушісі 28 рет жылдамдық асырып, жарты миллион теңгеден астам сомаға айыппұл төлеуге жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері Армения мемлекетінде тіркеуде тұрған «Hyundai Sonata» автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында 42 жастағы жүргізушінің көлік құралын еш құжатсыз басқарғаны анықталды.

«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабы 2-бөлігімен әкімшілік хаттама рәсімделді. Автокөлік айып алаңына қойылды.

Сондай-ақ көліктің «Аркан» стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғысына жылдамдық режимін бұзғаны үшін 28 мәрте түскені белгілі болды. Бұл бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 592-бабы 1-ші және 2-ші бөліктері бойынша ұйғарым шығарылған. Аталған автокөліктің жүргізушісіне 520 мың 710 теңге сомасында айыппұл салынды», - деді департаменттен.

Ведомство мәліметінше, автокөліктің міндетті сақтандыру полисі жоқ. Құқық бұзушы жөнінде деректер базасында мәлімет тіркелмеуіне байланысты айыппұл жөнінде дер кезінде хабарлауға мүмкіндік болмаған.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада 230 км/сағ жылдамдықпен көлік айдаған жүргізуші жазаға тартылды.


Соңғы жаңалықтар