Арменияда төтенше жағдай режимі 13 шілдеге дейін ұзартылды

None
None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат – Арменияда коронавирус инфекциясына байланысты осы жылдың наурыз айында енгізілген төтенше жағдай режимі үшінші рет ұзартылды. Тиісті шешім жұма күні Үкімет отырысында қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Армения Үкіметі жұма күнгі кезектен тыс отырыста ТЖ режимін үшінші рет 2020 жылдың 13 шілдесіне дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Үкімет шешімінде көрсетілгендей, төтенше жағдай режимін ұзарту қажеттілігіне инфекция жағдайларының көбеюі негіз болған.

«2020 жылғы 16 наурызда төтенше жағдай жариялауға негіз болған жағдайлар жойылмаған. Оған 12 маусымда коронавирус инфекциясын жұқтырудың расталған жағдайлары туралы деректер дәлел. Инфекцияны жұқтыру жағдайлары санының өсуі және одан әрі таралуы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруде», - делінген Армения Үкіметінің шешімінде.

Елдің Ауруды бақылау және алдын алу ұлттық орталығының мәліметінше, 12 маусымдағы жаңдай бойынша Арменияда 15 281 коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғасы тіркелген. 5 639 пациент сауығып шықса, 9 298 науқас ем қабылдауда. 258 адам көз жұмған.

Коронавирус инфекциясына байланысты Арменияда ТЖ режимі 16 наурызда бір айға жарияланған болатын.

13 сәуірде Армения үкіметі ТЖ режимін 14 мамырға дейін, кейіннен 13 маусымға дейін ұзартқан еді.

27 мамырда Армения премьер-министрі Никол Пашинян елдегі жағдайдың ауыр екенін айтып, індеттің екінші толқыны туралы мәлімдеді.


Соңғы жаңалықтар