Арменияда төтенше жағдай кезінде биылғы оқу жылының қалай аяқталатыны белгілі болды

None
None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат – Армения білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі төтенше жағдай режимінде биылғы оқу жылының аяқталуы кезіндегі өзгерістер туралы айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат меншікті тілшісі хабарлайды.

Дүйсенбі күні Армения білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Араик Арутюнян Facebook-тегі тікелей эфирі барысында биылғы оқу жылының аяқталу процесіндегі өзгерістер туралы үкіметтің қабылдаған шешімі туралы мәлім етті.

Атап айтқанда, Армения үкіметінің шешімі бойынша елде ағымдағы оқу жылы аяқталғанша оқу орындарында сабақ болмайды, білім алушылар оқу жылын қашықтан бітіреді. Бұған қоса, Армения мектептерінде түрлі емтихандар тоқтатылды. Оқу жылының қорытындысы оқушылардың 13 наурызға дейін көрсеткен нәтижелері бойынша шығарылады. Аттестаттар 25 мамырға дейін беріледі.

Армения орта-арнаулы оқу орындарындағы емтихандар мен диплом қорғау процестері де тоқтатылды. Қорытынды нәтиже мектеп процедурасындағы секілді шығарылады. Дипломдар 5 маусымға дейін берілмек.

Министрдің айтуынша, жоғары оқу орындары ТЖ режимі жағдайы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ережелеріне сәйкес, 1 шілдеге дейін емтихандар өткізу және диплом берц тәсілін өздері таңдайды.

Еске салайық, Арменияда 16 наурыздан 14 мамырға дейін төтенше жағдай жарияланды.


Авторы Азамат Әлмағанбетов

Соңғы жаңалықтар