Арменияда коронавирус жұқтырудың жаңадан үш жағдайы тіркелді

None
None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат - 11 наурыз күні Арменияда коронавирус инфекциясын жұқтырудың жаңадан үш жағдайы тіркелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі Армения премьер-министрі Никол Пашинянның мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Премьер-министрдің айтуынша, коронавирус Италиядан келген үш жолаушыдан анықталған.

Үш жолаушының екеуі 45 және 27 жастағы Армения азаматы болса, біреуі Арменияда жұмыс істейтін 51 жастағы Италия азаматы.

«Өкінішке орай, бүгін бізде коронавирус жұқтырған үш жаңа жағдай анықталды. Олардың үшеуі де Италиядан келген. Италия азаматы мен армениялық екі азаматтың біреуінде ешқандай шағым жоқ. Ал армениялық екінші азаматтың өкпесі қабынған», - дейді Никол Пашинян Facebook-тегі парақшасында.

Премьер-министрдің айтуынша, ауру жұқтырғандар кімдермен қарым-қатынаста болғаны анықталып жатыр.

Еске сала кетсек, Арменияда COVID-19-ға шалдығудың алғашқы жағдайы 1 наурызға қараған түні анықталды. Ол Ираннан келген 29 жастағы Армения азаматы болып шықты. Армения денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, оның әйеліне жасалған тест теріс нәтиже көрсеткен.

Қазіргі уақытта ауырған адаммен қарым-қатынаста болған тұлғалар оқшауланып, Цахкадзор қаласындағы «Golden Palace» қонақүйінде карантинде жатыр.


Соңғы жаңалықтар