Арменияда Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

None
None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат – Ереванда толығымен Қазақстанның туристік әлеуетіне арналған «Туристік Армения» журналының арнайы шығырылымының таныстырылымы өтті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі хабарлайды.

Қазақстанның Армениядағы Елшілігінің бастамасымен ел тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай Ереванда «Туристік Армения Қазақстанда» журналының 28-ші арнайы шығарылымының таныстырылымы өтті. Журналдың бұл саны толығымен Қазақстанның туристік әлеуетін көрсетуге арналған.

Журнал туризмді дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында Қазақстанның Армениядағы Елшілігінің бастамасымен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен бірлесіп дайындалып шығарылды.

«Біз журнал тілшілеріне өздігінен Қазақстанды аралауға және біздің ел туралы шынайы материал жазуға мүмкіндік бере отырып, «Туристік Армения» мамандандырылған бейіндік журналының журналистеріне ұсыныс жасадық. Журналда қазақ қоғамының мәдениеті мен өмірінің барлық жағын қарастырдық. Оның ішінде ұлттық киімдер, тағам, салт-дәстүрлер бар. Бір жағынан олар тек елорданың ғана емес, сонымен қатар Қазақстан аймақтарының табиғи және техногендік орындары туралы айтып берді», - деп атап өтті Қазақстанның Армениядағы Елшісі Тимур Оразаев таныстырылым барысында.

«Туристік Армения» журналының бас редакторы Рубен Пашиняннің айтуынша, басылымның шығармашылық тобы осы жоба бойынша үлкен қызығушылықпен жұмыс істеген, ал редакция өз аудиториясынан оң пікірлер алып үлгерген екен.

«Жоба басталмас бұрын бізде Қазақстан туралы ақпарат шағын болды, ол толық шығарылымды толтыруға жеткіліксіз еді. Қазақстан Елшілігі біздің журналистерге іссапар ұйымдастырып берді. Біз Қазақстанға келіп, осы елге ғашық болып қайттық. Осы махаббатымызды журналға әкеліп сыйдырдық. Журналдың шығармашылық тобы ауқымды жұмыстар атқарды, нәтижесі де бірден көзге түсті. Оның дәлелі – оқырмандар тарапынан «Қазақстанда болсам ғой» деген пікірлердің көбеюі, «Бұл елге қалай баруға болады?», «Тікелей әуе рейстері бар ма?» деген секілді сұрақтардың толастамауы», - деп атап өтті Р. Пашинян.

«Туристік Армения» журналы мемлекеттік мекемелерде, қонақүйлерде, аэропорттардың ақпараттық орталықтарында мақсатты аудиторияны қамту қағидасы бойынша таратылады, ал оны таратуда журналдың мазмұнына негізделген жеке тұжырым қолданылады.

Рубен Пашиняннің айтуынша, Қазақстан Тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналған арнайы шығарылымына жоғарыда аталған тұжырым қолданылмаған екен.

Айта кету керек, «Arloopa» интерактивті қосымшасының қолданушыларын тосынсый күтіп тұр. Қосымшаның жұмыс режимі кезінде смартфон камерасын журнал мұқабасына жақындатса, оқырмандар Қазақстан туралы бейнероликті көре алады.

Соңғы жаңалықтар