Арменияда қазақ күресінен алғашқы ашық чемпионат өтті

None
None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат - Ереванда қазақ күресінен Арменияның алғашқы ашық чемпионат өтті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі хабарлайды.

«Qazaq kuresi» Халықаралық федерациясының қолдауымен ұйымдастырылған жарысқа елдің барлық өңірінен 95 спортшы қатысты.

«Қазақстан барысының» алғашқы жеңімпазы, «Qazaq kuresi» Халықаралық федерациясының бас хатшысының кеңесшісі Ұлан Рысқұлдың айтуынша, федерация 2019 жыл басталғалы түрлі елдерде 10 ұлттық чемпионат өткізді.


«Qazaq kuresi» Халықаралық федерациясы құрылғалы бері екі жыл өтті. Федерация президенті, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың басшылығымен осы уақытта көптеген жұмыстар атқарылды. Еуропа мен Азияның 28 елінде қазақ күресінен ұлттық федерациялар құрылды, ұлттық чемпионаттар өткізілуде. Биылғы маусым айында Польшаның Вроцлав қаласында Еуропаның ІІ чемпионатын өткіземіз. Оған 20-дан астам елден 100-ге жуық спортшы қатысатыны күтілуде. Арменияның алғашқы чемпионатына келсек, оған тәжірибелі спортшылар қатысты. Жарыс жоғары деңгейде өтті», - деді Ұлан Рысқұл.

Арменияның Qazaq kuresi федерациясының президенті Давид Хитарянның пікірінше, қазақ күресінің әлемдік деңгейде келешегі зор. Оның сөзінше, армениялық спортшылар күрестің аталмыш түріне үлкен қызығушылық білдіріп отыр. Бұған тұңғыш ұлттық чемпионатқа қатысушылардың саны дәлел.

«Ұсыныс түскен бойда Арменияда Qazaq kuresi ұлттық федерациясын құруға, жергілікті спортшыларға аталмыш күрес түрінің қыр-сырын үйретуге кірісіп кеттім. Спортшыларымыз үлкен қызығушылық білдіргенін атап өткім келеді. Арменияның алғашқы чемпионатына 95 палуан қатысып отыр. Салыстыру үшін айта кетейін, самбодан, дзюдодан немесе өзге чемпионаттарға дәстүрлі түрде 60-70 спортшы қатысады. Қазақ күресінің әлемдік деңгейде үлкен келешегі бар. Меніңше, Qazaq kuresi Халықаралық федерациясы жүргізіп отырған жұмыстарға қарап, қазақ күресі уақыт өте келе олимпиадалық спорт түріне айналарына барлық мүмкіндік бар», - деді Давид Хитарян.

Жарыс нәтижесі бойынша Польшадағы Еуропа чемпионатында Армения намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталатын болады.


Авторы Азамат Әлмағанбетов

Соңғы жаңалықтар