Арменияда COVID-19 жұқтырғандар саны артып отыр

None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат – Арменияда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артып отыр. Елде вирустың «омикрон» штамы кең таралған. Бұл туралы ҚазАқпарат меншікті тілшісі хабарлайды.

Армения Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 18-24 шілде аралығында елде COVID-19 ауруының 965 жаңа жағдайы тіркелген (алдыңғы аптадан 336 жағдайға көп). Сол кезеңде 547 адам сауығып, 1 144 адам ем алды, 7 адам қайтыс болды. Брифинг барысында Армения Денсаулық сақтау министрі Анаит Аванесян республикада коронавирусқа шалдыққандар көбейгенін айтып, халыққа вакцинаның үшінші дозасын алуға кеңес берді.

«Соңғы айда елімізде коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы артты. Бұл шетелге сапарлардың көбеюіне, саяхаттардың жандануына байланысты. Өздеріңіз білетіндей, Еуропада ауру белең алып келеді. Біз мұны болжаған едік, қазір жағдайды бақылап отырмыз», - деді А.Аванесян.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ковидтік шектеу шараларын енгізуге қажеттілік жоқ.

Армения Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы көп нәрсе азаматтарға байланысты екенін атап өтті және халықты медициналық мекемелерге барған кезде маска тағуға, сондай-ақ COVID-19 вакцинасының үшінші дозасын салдыруға шақырды.

Қазіргі уақытта Арменияда коронавирус инфекциясына байланысты ешқандай шектеу жоқ. Елге кіру үшін ПТР-тест немесе вакцинация туралы анықтама қажет емес.


Соңғы жаңалықтар