Армения үкіметі отставкаға кетті

None
None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат - Армения премьер-министрі Никол Пашинян отставкаға өтініш берген. Пашинян бұл туралы Армян қоғамдық телевидениесінің эфирінде айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

Арменпресстің хабарлауынша, кеше кешке Армения Президенті Армен Саркисян үкіметтің отставкасын қабылдады.

Премьер-министр Н.Пашинян отставкаға кету ниетін бұрын France24-ке берген сұхбатында да айтқан болатын. Сұхбатта ол үстіміздегі жылдың 10 желтоқсанында мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу мақсатында ел Парламентін тарату бастамасын көтеру үшін 15 қазанда отставкаға кететінін айтқан.

Айта кетсек, Армения парламентінің депутаттары 2018 жылғы 8 мамыр күні отырыста оппозиция көшбасшысы Николь Пашинянды елдің премьер-министрі қызметіне сайлаған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, премьер-министр отставкасынан кейін Армения Президенті Үкіметтің отставкасын қабылдайды. Кейін жеті күннің ішінде Парламент фракциялары премьер-министр лауазымына кандидаттарды ұсынады. Премьер-министр Парламент отырысында депутаттардың даусы арқылы сайланады. Егер дауыс беру кезінде премьер-министр сайланбаса, жеті күннен кейін жаңа сайлау өткізіледі. Оған депутаттардың жалпы санының үштен бірі ұсынған кандидаттар қатысады. Ең көп дауыс жинаған кандидат жеңімпаз болады.

Егер премьер-министр екінші рет өткізілген сайлауда да сайланбаса, Армения Ұлттық Жиыны (Парламент) таратылып, кезектен тыс парламент сайлауы өтеді.

Арменияда кезектен тыс парламент сайлауы биылғы желтоқсанда-ақ өтуі мүмкін. 

Еске сала кетейік, Арменияда осы жылдың 13 мамырында жаңа үкімет жасақталған еді.

Соңғы жаңалықтар