Армения премьер-министрінің резиденциясына біреулер ұрлыққа түсті

None
None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат - Ереванда Армения премьер-министрінің резиденциясы тоналды. Резиденция ғимаратындағы көрме стендінен естелік монеталар ұрланған. Бұл туралы жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап, ҚазАқпараттың меншікті тілшісі хабарлайды.

Армения полициясы қоғаммен байланыс басқармасының БАҚ-та жарияланған мәліметінше, 30 қаңтар күні полицияға суыт хабар келіп түскен. Онда 25-30 қаңтар аралығында белгісіз біреу премьер-министрдің резиденциясына рұқсатсыз кіріп, фойеде тұрған көрме стендінің құлпын бұзғаны және ол жерден 4 естелік монетаны ұрлап кеткені айтылған.

Армения тергеу комитеті қоғаммен байланыс басқармасының хабарлауынша, Армения премьер-министрінің Ереван қаласы, Баграмян көшесі, 26 үй мекенжайында орналасқан резиденциясына заңсыз кіру және тонау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу органдары 30 қаңтар күні оқиға орнында жедел іздестіру шараларын жүргізіп, сот-дактилоскопиялық және сот-генетикалық сараптамалар тағайындалған.

Бір қызығы, 31 қаңтар күні тергеу органына ұрланған естелік монеталарының өз орнына қайтарылғаны туралы ақпарат келіп түскен. Тергеу жалғасып жатыр. Ұрлыққа қатысы бар тұлғаларды табу және оқиғаның егжей-тегжейін анықтау мақсатында тиісті шаралар қолданылуда.


Автор: Азамат Алмағанбетов

Соңғы жаңалықтар