Арман Жүдебаев: Бұл сайлау - Қазақстан үшін сындарлы жаңа кезеңнің бастауы болмақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Демократиялық қоғамда ретімен, тәртібімен болатын бұл сайлау Қазақстан үшін сындарлы жаңа кезеңнің бастауы болмақ. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев осылай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Арман Жүдебаев алдағы сайлауға қатысты Президент шешімін елдегі саяси-әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында қабылданып деп санайды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешімін жариялады. Президент өз сөзінде айтқандай, Үкімет, Парламент және партия басшыларымен ақылдаса отырып шешкен шешімі елдегі тыныштықты, саяси-әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында қабылданып отыр деп есептейміз. Демократиялық қоғамда ретімен, тәртібімен болатын бұл сайлау Қазақстан үшін сындарлы жаңа кезеңнің бастауы болмақ!», - деді Арман Жүдебаев.

Оның айтуынша, Президенттің игі бастамаларына халық қолдау білдіруі керек.

«Қасым-Жомарт Тоқаветың Тұңғыш Президентіміз - Елбасының қасында сенімді серігі, әрі ізбасар көмекшісі болып көп жылдар қызмет атқарып келгені мәлім. Ғылым мен технологияның қарқынды дамуы, қазіргі замандағы әлемде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, экологиялық, мәдени және саяси өзгерістер бізге көптеген талаптарды қойып отыр. Сол себепті ел басқару ісінде мол тәжірибе жинап, ел ішіндегі мәселелерге қанық болып жүрген Президентіміздің игі бастамаларына халық болып қолдау білдіруіміз керек деп есептеймін», - деді Арман Жүдебаев.

Ол еліміздегі тұрақтылықтың кепілі болып отырған қазіргі ұстанған бағытымыз жалғасын табады деп ойлайтынын жеткізді.

«Тәуелсіздігіміздің нығаюы, оның баянды болуы үшін еліміздегі саяси тұрақтылық пен экономикамыздың үздіксіз дамуы ауадай қажет. Ел бірлігі мен бейбітшілігі - басты құндылығымыз! Халқымыздың негізгі мақсат-мұраты осы екені баршаға аян. Бейбіт, тоқшылық заман болмай өнер-білім, мәдениеттің де дамуы екіталай. Сондықтан республикамыздағы тұрақтылықтың кепілі болып отырған қазіргі ұстанған бағытымыз жалғасын табады деп ойлаймын. Бұл сайлау - елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтай отырып, әлеуметтік-саяси жаңғыруға, әлемнің үздік елдері қатарына қосылу жолында жаңа демократиялық еркін болашақты құруға мүмкіндік бермек», - деді Арман Жүдебаев.

Соңғы жаңалықтар