Арман Сейітмамыт: «Ел арна» - көрермен мен кинематография арасындағы алтын көпір

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ел арна» бренді былтыр елмен қайта қауышты. «Бірақ, біздің бүгінгі бағытымыз мүлде бөлек» дейді арна басшысы Арман Сейітмамыт. Бұрынғы «Ел арна» мен қазіргі «Ел арнаның» ерекшелігі неде? Қазақтың тұңғыш киноарнасының алға қойған жоспарлары қандай? Арна қай елдердің актерлерін қазақ тілінде «сөйлететін» болады? «Ел арна» басшысы Арман Сейітмамытты әңгімеге тартқанда осы сұрақтардың жауабын білгіміз келген еді.

- Арман Балтабайұлы, біз білсек, «Ел арна» қазір Қазақстанның тұңғыш киноарнасы ретінде бағыт-бағдарын түзеп келе жатыр. 2017 жылдың көктемінде арна қайта ашылып, «Ел Арна» брендінің қайта қайтып келгенін білеміз. Осы ретте, арна құрылған бір жарым жылдың ішінде атқарылған шаруалар туралы айтып берсеңіз...

- Бұрынғы және бүгінгі «Ел арна» - екеуі мүлде бөлек. Бағыты да, ұжымы да түгелдей дерлік өзгерген  арна, отандық телевизия нарығына жаңа үлгімен келді. 2017 жылдың көктемінде жаңадан ашылған «Ел арна» - киноканал. Еліміздің тұңғыш киноарнасының эфирінде  классикаға айналған жауһар туындылар, бүгінгі күннің үздік картиналары, телехикаялар мен деректі ленталар, анимациялық фильмдер көрсетіледі.  Жаңа маусымда телеарнада көптеген өзгерістер болды. Жаңа эфирлік кесте құрдық. Күндізгі 12:00-18:00 аралығында отандық телехикаялар көрсетіледі. Ары қарай кешкі уақытта әр 2 сағат сайын  көркем фильмдер көрермен назарына ұсынылады. Сонымен қатар, киномен байланысты бағдарламамыз да бар.

 «Ел арна» жаңадан ашылған кезде бізді «Отау-ТВ»-ның көрермендері ғана көре алатын еді. Бүкіл Қазақстанға, қалың бұқараға таралмадық. Биыл біздің министрлік (Ақпарат және коммуникациялар министрлігі- авт.) шешім қабылдап, Ел арнаны «міндетті арналардың тізіміне» енгізді. Бұл - біздің көрермендер еселеп өсті деген сөз. Әйтеуір, қайда барсақ та, жұрттың бәрі жылы лебіздерін айтып жатады. Тіпті, киногерлердің өзі: Кино индустрияда жүрсек те, бұрын көрмеген фильмдермен «Ел арна» қауыштырды деп, ризашылығын білдіруде.

- Жалпы, қазақ фильмінің алтын қорында қанша туынды бар? Ол туралы хабарыңыз бар ма?

- Біздің қоржынымыздағы топтама  80 жылдық  тарихы бар «Амангелді» фильмінен басталады. Қазір көрерменге ұсынып отырғанымыздың жартысы - алтын қордан. Ал қалған жартысы кейіннен түсірілген жеке компаниялардың өнімдері.

- Алғаш рет арна эфирінде Түркі әлемі және Орталық Азия мемлекеттерінің «алтын қорында» сақталған фильмдер қазақ тілінде көрсетіле бастады. Өткенде біз білсек, тәжік киносының апталығын өткіздіңіздер. Демек, басқа елдермен кино бағытында серіктестік орнатып, шығармашылық алмасулар болып жатқан секілді. Сол туралы кеңірек айтып берсеңіз...

Көрші жатқан мемлекеттеріміздің, Орталық Азия елдерінің кинематографиясы Кеңес одағы кезінде өте жақсы дамыған. Әр мемлекет өзінің егемендігін алғаннан кейін, ол жақтағы кино қалай дамып келе жатқандығы туралы киногерлер білсе, бұқара халық біле бермес. Енді соны бір шетінен қайтадан қалпына келтіруді көздеп отырмыз. Бауырлас мемлекеттердің киноларын неге көрсетпеске!? Қазіргі жастар бұрын қандай мықты кинотуындылар түсірілгенін білмейді. Ал үлкен кісілер баяғы ескі фильмдерді, өздерінің жастық шақтарын еске алар еді. Бұл - бір.

Екіншіден, біз бұл фильмдерді тек қазақ тілінде ұсынуды ұйғардық. Өйткені, бұрынғы фильмдердің бәрі ютубта қазақ тілінде жоқ. Неге тәжіктің әртістерін дубляжбен қазақша сөйлетпеске? Біз тәжік фильмдерін көрсете бастадық. Енді келесі кезекте әзербайжан фильмдері көрерменге жол тартады. Түрік, қырғыз және өзбек ағайындардың да жауһар туындыларын ұсыну жоспарда бар. Сонымен қатар, бұрынғы посткеңестік мемлекеттердің елшіліктерімен кездесіп, келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ешқайсысы да қарсы емес. Бұл ұсынысты қолдап, барынша көмектесуге дайын екендіктерін айтуда. Жақында ғана Латвия мен Эстония елдерінің елшілерімен кездестім. Мажарстан да «ағайынбыз» деп бұл шаруаға қызығушылық білдірді.

- Сонда әртүрлі елдермен осынау шығармашылық серіктестік қалай жолға қойылады? Олар киноларын сата ма, әлде тегін бере ме?

- Әр елмен әрқалай келісеміз. Кейбір мемлекеттердің киностудиялары картиналарын тегін берсе, кейбірі қолжетімді бағаға сатып жатыр.

- Ал шетелдік киноларды дубляждау жұмысы қалай жүзеге асырылады? Оған тұтастай бір шығармашылық топ жұмыс істейтін болар?..

- Қазір біздің Астана мен Алматы қалаларында дубляж жұмысын жүргізетін жеке продакшн-компаниялар бар. Олар кез келген тілдегі кинолар мен сериалдарды қазақша және орысшаға аударады. Соларға біз тапсырыс береміз. Яғни, бес продакшн-компания болса, бір киноны бөліп, 20 минуттық үзіндіден береміз. Олар өздері аударып, дубляждап бізге жібереді. Осыдан кейін біздің «Хабар» агенттігінің көркемдік кеңесі осы дубляждалған үзінділерді тыңдап, қай компанияның жұмысты жақсы жасағаны анықталады. Осыдан соң дубляжды ең сәтті жүргізген компаниямен келісім шартқа отырамыз.

- Шынында да, қазақтың кино өнеріне, киноматорафиясына «Ел арна» секілді бүтіндей бір арнаның, тұтас алаңның беріліп отырғаны қуантады. Кино саласын талқылайтын бағдарламаларды өздеріңіз дайындайсыздар ма?

- Құпиясы мол кинематография әлеміне саяхат жасау мүмкіндігін сыйлайтын  екі бағдарлама бар. «Ашық көрсетілім» - киносүйер қауымға жүрек қылын қозғаған мықты ленталардың жасалу тарихы, кейіпкерлер мен авторлардың тағдыры, кадрдан тыс қалған дүниелер және белгілі фильмдердің беймәлім деректерін паш ететін ток-шоу. Кинематография корифейлері, танымал актерлер, жас режиссерлермен  кездесулер, әсерлі әңгіме, сырлы сұхбат «Кино кафе» бағдарламасы аясында ұйымдастырылады. Сонымен қатар, біз Халықаралық кинофестивальдерден тікелей көрсетілімдер,  қызықты сюжеттер мен күнделіктер ұсынамыз.

Қазір кино өнерінің бекзаты саналатын «Авторлық киноның» танымалдығы артып отырғаны сөзсіз. Мұндай жанрда түсірілген туындылар көбіне фестивальдерде көрсетіледі. Ол фильмдерді де өзіміздің қазақстандық көрерменге телеарнадан ұсынғанымыз жөн деп ойлаймын. Содан кейін -жастар мәселесі. Біз тек киноиндустрияда беделі бар мықты режиссерлердің ленталарын ғана емес, жас киногерлердің жұмыстарын көрсетуге дайынбыз. Қысқа метражды фильмдерді көрермен назарына ұсынғымыз келеді. Бірақ, бұл ретте бір мәселе бар. Әрбір кино немесе қысқа метражды фильм түсіріп жүргендерде прокат куәлігі болуы керек. Онсыз біз туындыны эфирге шығара алмаймыз. Себебі, ертең біреу келіп, «мынау менің кином» дегендей әңгіме де шығуы мүмкін. Демек, бәрі де заңды болуы тиіс.

- «Ел арнаның» ендігі жоспары қандай? Тек осы кино бағытын алып жүре бере ме, әлде алдағы уақытта одан тыс белгілі бір жоспар-жобаларыңыз бар ма?

- Біз өзіміздің бағыт-бағдарымыздан ауытқымаймыз. Қазақстанның тұңғыш киноарнасы «Ел арна» көрермен мен кинематография әлемінің арасындағы алтын көпірге айналуды көздейді. 

- Телевизия маманы ретінде мына сұраққа жауап берсеңіз: Қазір әлеуметтік желінің әлеуеті мен жылдамдығы газет-журналдар мен теледидар түгілі, ақпаратты жылдам беретін сайттардан озып барады. Әлемжелі алға шыққан осы заманда телевизия жұмысын қай бағытта жетілдіру керек деп ойлайсыз?

- «Москва слезам не верит» деген киноны көрген боларсыз. Сол фильмде «енді біраздан кейін театр деген мүлде болмайды. Театр да, кино да. Тек телевидение қалады» деген сөзі бар. Одан бері қанша уақыт өтті. Театр да бар, телевидение мен кино да бар.

- Бірақ, олардың аудиториясының көп бөлігін, әсіресе жастарды әлеуметтік желі тартып алды ғой...

- Әр дүниенің өзіндік аудиториясы бар. Қазір жастар теледидар қарамайды. Өзіне керек дүниені ғаламтордан алады. Әркімнің қолында бір-бір смартфон. Бірақ, теледидар қарайтын көрермен де бар. Мысалы, біздің «Ел арнаның» аудиториясының көп бөлігі ойы тоқтаған, жасы отыздан асқандар. Олар бәрібір теледидар көреді. Әлеуметтік желі жақсы дүние. Жаңалықтарға келетін болсақ, әр арнаның техникалық жабдықталуына байланысты. Техникалық қамтылуы жақсы деңгейде болса, маңызды дүниелерді тікелей эфирден көрсетуге болады. Тікелей эфирден, онлайннан - мың жерден мықты блогер болса да, озатын мүмкіндік жоқ. Жазғаннан көрі көргенге көп иланасың. Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық.

Ал «Ел арнаның» болашағын айтар болсақ, ол әрине, біздің киноның болашағымен тікелей байланысты. Кино менің ойымша, ешқашан өлмейді. Өйткені, бұл - өнердің қасиетті, құдіретті түрі. Мықты кино туралы мен сізге қанша рет айтып берсем де, сіздің оны тым болмағанда бір рет көргіңіз келіп тұрады.

- Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

 

Соңғы жаңалықтар