«Арлан» хоккейшілері Құрлықаралық кубоктың финалына шықты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат  - Көкшетаудың «Арлан» хоккей клубы Францияның Лион қаласында өткен Құрлықаралық кубоктың топтық кезеңінде жеңіске жетіп, финалға жолдаманы жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл осыдан 9 жыл бұрын құрылған команданың IIHF қолдауымен өтетін халықаралық жарысқа бірінші рет қатысуы. Сондықтан, бұл - «Арлан» хоккей клубының облыстағы жанкүйерлері үшін ғана емес, жалпы республика үшін елеулі оқиға.

«Д» тобында өнер көрсеткен көкшетаулықтар алғашқы ойынды 17 қарашада жергілікті «Лион» командасымен өткізіп, айдын иелерін 2:3 есеп айырмасымен тізе бүктірген еді. Алаң иелерімен болған матч тартысты өтті. Кездесудің негізгі уақыты 1:1 болып тең аяқталды. Ал, буллит бойынша жерлестеріміз 2:3 есебімен алаң иелерінен жеңісті жұлып әкетті. «Арландықтар» тарапынан Петров, Мицкевич және Малевич көзге түсті. Бұдан кейін жерлестеріміз Латвияның «Курбадс» командасын овертаймда 4:3, Беларустың «Гомель» командасын 3:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты.

Енді қаңтардың 11-13 аралығында өтетін финал ойындарында «арландықтар» Польша, Ирландия және Беларусь елдерінің «Катовице», «Белфаст Джайантс», «Гомель» командаларымен кездеседі.

Соңғы жаңалықтар