Аркен Арыстанов KazAID қызметі жайлы: Басым бағыт – Орталық Азия елдерінің дамуы

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі 2020 жылдың 15 желтоқсанында құрылып, 2021 жылдың маусымында толыққанды жұмысын бастады. Оның негізгі мақсаты – елімізді өңірлік және халықаралық қатынастар жүйесіне одан әрі интеграциялау. Екі жылдан астам уақыт ішінде агенттік халықаралық деңгейдегі көптеген іс-шараны қолға алып, жүзеге асырып үлгерді. Осы орайда агенттіктің жұмысымен толығырақ танысу үшін «KazAID» Қазақстан халықаралық даму агенттігінің басқарма төрағасы Аркен Арыстановпен сұхбаттасуды жөн санадық. Ол әңгіме барысында агенттіктің мақсат-міндеттері, құрылғалы бері атқарған іс-шаралары мен жоспарлары, сонымен бірге агенттік шешуі тиіс мәселелер жөнінде айтып берді.

– Аркен Кеңесбекұлы, алғашқы сұрағым агенттіктің алдына қойылған міндеттері жөнінде болмақ. Қазіргі таңда агенттіктің алдында қандай міндеттер тұр?

- Қазір агенттік дамудың бастапқы кезеңінде екені рас. Сондықтан да жобаларды басқару және мәселелерді шешу үшін жүйелі түрде жұмыс істеу өте маңызды. Біз, ең алдымен, агенттіктің даму стратегиясын қайта қарастыратын боламыз. Біздің миссиямыз тек техникалық жәрдем беру ғана емес, сонымен қоса таза суға қол жеткізу, санитария, трансшекаралық сауда, жауапты тұтыну және өндіріс сияқты негізгі өңірлік мәселелерді шешу үшін барлық мүдделі тараптың күш-жігерін үйлестіру. Басты мақсатымыз – аймақтағы халықаралық даму агенттіктері арасында мойындалған көшбасшы болу және 2024 жылға қарай ЭЫДҰ Дамуға жәрдемдесу комитетінің (ДЖК) «қатысушысы» мәртебесіне қол жеткізу болып отыр.

Қазіргі кезде біз осы салада білімі мен тәжірибесі бар мамандарды жинап, үлкен команда құрып жатырмыз. Тіпті, олардың кейбірі осыған дейін шетелде жұмыс істеген. Міне, осындай мамандардың тәжірибесін пайдаланбақпыз. Олар әрі жас, әрі еңбекқор, әрі әлеуеті де жоғары, оның үстіне қоғам игілігіне үлес қосуға құштар.

Жалпы ресурстарымыз шектеулі болса да, бізде нақты іс-қимыл бағдарламасы мен Президент пен үкімет тарапынан жан-жақты қолдау бар, бұл біздің алға қойған мақсаттарымызға жетуге көмектесетіні сөзсіз.

- Агенттіктің алдағы үш жылға арналған стратегиялық бағыттары қандай? Осыған тоқталып өтіңізші...

- Қазіргі таңдағы даму жоспарымызды ескеріп, біз бірнеше негізгі бағдарламаны әзірлеп жатырмыз. Осы тұста, Орталық Азия елдерінен жас көшбасшыларды тартуға бағытталған «Достық» бағдарламасын атап өткім келеді. Алдағы екі жылда бұл бағдарлама қазіргі геосаяси жағдайда цифрландыру, ХХІ ғасыр медицинасы, журналистика және дипломатия салаларында білім мен тәжірибе жинағысы келетін Қырғызстан мен Тәжікстан жастарына арналады. Біз Қазақстанда өтетін халықаралық форумдарға қатысу үшін дарынды жастарды жинап, олардың өз салаларындағы белгілі сарапшылар мен мамандардың шеберлік сабақтарына қатысуына мүмкіндік беруге тырысамыз. KazAID бағдарламаға қатысушылардың барлық шығынын төлеп, жылына осындай 5-6 іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.

Өздеріңіз білетіндей, қазір өңірдегі шалғай ауылдарда сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі өзекті мәселеге айналды. Мәселені шешу үшін бізде «Авиценна» деген гранттық негіздегі бағдарлама бар. Мұны аяқтағаннан кейін стипендия иегерлері өз елдерінің шалғай ауылдарына барып жұмыс істейді. Осының аясында, біз Қырғызстан мен Тәжікстанда жұмыс істейтін медицина мамандыында оқитын студенттерге грант беретін жобаны ұсынып отырмыз.

Қазіргі телемедицина саласы әлемде, әсіресе орталықтан шалғайда орналасқан елді мекендер арасында танымал. Мұндай мәселе Орталық Азияның бірқатар мемлекетінде бар, яғни кәсіби дәрігер мамандар жетіспейді. Осыған байланысты біз «Телемедицина» жобасын ұсынып отырмыз, оның шеңберінде KazAID қазақстандық медицина мекемелері мен дәрігерлерінің Қырғызстан мен Тәжікстандағы әріптестерімен өзара іс-қимылын үйлестіру жұмыстарын жүргізеді, қажет болған жағдайда техникалық байланыс құралдарымен қамтамасыз етеді.

Жалпы біздің алдағы үш жылға арналған стратегиялық жол картамыз Орталық Азияда жастарды қолдауға және білім, денсаулық сақтау, заманауи технологияларға қолжетімділікті арттыруға бағытталған бағдарламаларды әзірлеу мен жүзеге асыру болып отыр. Біз, сондай-ақ аймақтық ынтымақтастықты нығайтуды және аймақ елдерінің алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуге көмектесуді жоспарлап отырмыз.

- Жалпы осындай техникалық көмектен басқа тағы қандай салаларды дамыту жоспарда бар? Толығарақ айтып беріңізші...

- Әрине, біздің қызметіміз тек техникалық көмек көрсетумен шектелмейді. Біз, сондай-ақ әртүрлі секторлардағы тәжірибе орталығы болуды да мақсат етіп отырмыз. Мысалы, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының ішіндегі Орталық Азиядағы таза су мен санитарияға қол жеткізу мәселесін ерекше атап өткім келеді. Бұл салада агенттік екі маңызды рөл атқара алады. Біріншіден, біз белгілі бір елді мекендерге техникалық, яғни құрал-жабдық беру арқылы көмек көрсете аламыз. Екіншіден, аналитикалық зерттеулер жүргізіп, өңірлік су шаруашылығы мәселелерін шешу үшін мамандардың басын қосу, даму институттары мен халықаралық қаржы институттары арасынан инвесторларды іздеу секілді мәселелермен айналысамыз.

Теориялық тұрғыдан алғанда, Орталық Азия аймағындағы елдерде су ресурстары жеткілікті болғандықтан, айтарлықтай су тапшылығын сезінбеуі керек. Салыстырып қарасақ, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада су қоры әлдеқайда аз. Дегенмен біздің аймақтағы су ресурстарының таралуы біркелкі емес, сондықтан жоғарғы және төменгі бассейндерде орналасқан елдер әртүрлі қиындықтарға тап болады. Ағыстың жоғарғы жағындағы бассейн елдерінде негізгі су ресурстары бар, ал төменгі ағындағы елдер суару үшін көп мөлшерде суды қажет етеді. Сонымен қатар климаттың өзгеруі су ресурстарының азаюына айтарлықтай қауіп төндіріп отыр. Бұл суды пайдалануды қайта қарау қажет дегенді білдіреді.

Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдері су ресурстарын пайдалану мәселесінде аса жауаптылық танытып жатқан жоқ. Өйткені аймақ елдері суды жан басына шаққанда және ішкі жалпы өнімнің бір долларына шаққанда әлемнің кез келген басқа өңіріне қарағанда көбірек тұтынады. Мәселен, Орталық Азиядағы бір қаланың суды тұтыну мөлшері халқы әлдеқайда көп Чикагомен бірдей екенін айтуға болады.

Сондықтан аймақ елдері су ресурстарын басқару, көлік логистикасы сияқты мәселелерді бірлесіп шешуге күш біріктіріп, жұмыс істеуі қажет. Мемлекетаралық ынтымақтастық пен өзара тәжірибе алмасу арқылы елдер өз жетістіктерін басқаларға үлгі етіп, аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін стратегияларды бірлесіп әзірлеуі тиіс.

Орталық Азия өңіріндегі проблемаларды ойдағыдай шешу үшін мәмілеге келіп, елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыру маңызды. Тек осылай ғана су ресурстарын әділ және тиімді бөле аламыз, сондай-ақ өңірдің барлық мемлекетінің әл-ауқаты мен тұрақты дамуына әсер ететін басқа да стратегиялық маңызды мәселелер бойынша келісімдерге қол жеткізілуі керек.

Орталық Азияда инвестиция тартудың орасан зор әлеуеті бар, біздің міндетіміз – бүкіл аймақтың экономикалық дамуына ықпал ететін өңірлік жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар табу. Су және жер ресурстарына қатысты бұған дейін болған қақтығыстардың тәжірибесіне сүйене отырып, біз ымыраға келудің және суды неғұрлым ұтымды және тиімді пайдалану үшін заманауи технологияларды қолданудың маңызды екенін түсіндік.

Бұдан басқа, агенттік Қазақстан ұсынатын Дамудың ресми көмегін (ДРК) есепке алуға және бақылауға белсенді түрде қатысады. Осыған байланысты біз елдер тарапынан көрсетілетін көмек туралы ақпараттың негізгі көзі саналатын ЭЫДҰ ДЖК Статистика департаментімен ынтымақтаса жұмыс істейміз.

Сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қорымен (ХАҚҚ), Дүниежүзілік банкпен және басқа донор елдермен бірлесіп, осы тақырыптар аясында семинарлар, дөңгелек үстелдер және басқа да шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Жалпы біздің қызметіміз Агенттіктің ықпал ету аясын кеңейтуге, халықаралық ұйымдармен және донор елдермен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істеуге, сондай-ақ Орталық Азиядағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.

- Реципиент елдердің географиясы, яғни Қазақстан көмек көрсететін мемлекеттер тізімі қалай анықталады? Не нәрсеге басымдық беріледі?

- Реципиент елдердің географиясы бірнеше факторларды ескере отырып анықталады, мәселен, серіктес елдердің Қазақстанмен әлеуметтік-экономикалық байланысы, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту әлеуеті және Қазақстанның стратегиялық мүдделері. Қазіргі уақытта Орталық Азия елдері біз үшін басымдық болып отыр, өйткені өңірлік ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығы, әсіресе соңғы кездегі геосаяси оқиғалар аясында бірнеше есе артты. Дегенмен басқа елдермен ынтымақтастық мүмкіндігін жоққа шығармаймыз.

- KazAID Қазақстан ішінде де, халықаралық деңгейде де басқа ұйымдармен және мүдделі тараптармен қалай ынтымақтасады?

- KazAID – Қазақстан ішінде де, халықаралық деңгейде де басқа ұйымдармен және мүдделі тараптармен ынтымақтастыққа үлкен мән беретін ұйым. Агенттік жұмыс істеген екі жыл ішінде MASHAV (Израиль), USAID (АҚШ), AECID (Испания), TIKA (Түркия), KOICA (Оңтүстік Корея), JICA (Жапония) сияқты жетекші донор агенттіктерімен, сондай-ақ жергілікті ұйымдармен – МБА (Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы), ХАҚҚ (Халықаралық Аралды құтқару қоры), Орталық Азияның Еуразиялық қоры (ОАЕҚ), Халықаралық сауда орталығымен ( ITC) өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды. Бұл KazAID-ке басқа ұйымдармен байланысуда және ортақ мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуде ресурстарды барынша тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

- Байқағанымыздай, KazAID-тің қолға алған жобалары аз емес. Сіздер белгілі бір жобаның тиімділігін қалай анықтайсыздар?

-Агенттікте алға қойылған мақсаттарға сәйкес нәтижелерді бақылау мен бағалаудың қатаң рәсімдері бар. Біз өз қызметімізді жүзеге асыруда тапсырмалардың орындалуын қадағалауға және жобаларды жүзеге асырған кезде қол жеткізген нәтижелерді өлшеуге мүмкіндік беретін жобалық тәсілді қолданамыз. Әрбір жобаның нақты және өнімділік көрсеткіштеріне жүйелі түрде сараптама жасалады. Бұл, ең алдымен, қатысушылардың біздің жұмысымызға көңілінің толуы, белгілі бір семинарлардың пайдалы екенін бағалауы. Тәжірибе мен білім алмасу, алған білімдерін іс жүзінде қолдану мүмкіндігі. Қандай да бір мәселе туындаса, оларды түзету шаралары қабылданады.

Фото: pomestie-gals.com

Біз тоқсан сайын Сыртқы істер министрлігіне атқарылған іс-шаралар туралы есеп беріп отырамыз. Сонымен қатар біз жыл сайынғы есепті жариялаймыз, ол біздің веб-сайтқа шығады.

- Сіздің ойыңызша, Қазақстан ДРК жеткізу жүйесін дамытуда қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр және KazAID бұл мәселелерді қалай шешеді?

- Жалпы алғанда, KazAID ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Сонымен бірге Қазақстанның және тұтастай алғанда аймақтың дамуы үшін жақсы нәтижелерге қол жеткізу мақсатында көмек көрсетудің үйлестірушісі ретінде жұмыс істейді. Әрине, проблемалар жоқ емес, бірақ олардың бәрін шешуге мүмкіндік бар және біз бірлесіп, аймақтағы елдердің дамуына көмек көрсету арқылы алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізе аламыз.

Ең өзекті мәселелердің бірі – ДРК-ның мақсаттары мен тетіктері туралы халықтың аз білетіні болып отыр. Осыған орай, агенттік тренингтер, семинарлар ұйымдастырып, халықтың хабардар болуын арттыруға тырысып жатыр.

Осы міндеттерді шешу үшін халықаралық ұйымдармен бірге қолданыстағы стратегиялар мен серіктестіктерді қайта қарау қажет. Бұл барынша нақты әрі жақсы нәтиже беретін дамудың негізгі бағыттарына назар аударуға мүмкіндік бермек.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар