«Арқаның алтын тәжі»: Қарқаралыда қай жерге барып демалуға болады

Фото: Ашық көздерден алынған фото
ҚАРҚАРАЛЫ. ҚазАқпарат – Қарқаралы ұлттық табиғат бағы мен әсем таулары – Сарыарқаның інжу-маржаны. Бұл аймақтың таза табиғаты тәнді ғана емес, адам жанын да емдей алады. Біздің тілшіміз Қарқаралының туристік нүктелеріне қалай жетуге болатынын айтып береді.

Қарқаралы т арихы

Қарқаралы – Қарағанды облысының ең ауқымды және шалғай аудандарының бірі. Оның басты байлығы – ерекше табиғаты, таулы-орманды оазис. Туризмді дамытуда ерекше орын алатын Қарағанды облысындағы орман алқаптарының 90%-дан астамы осы Қарқаралыда орналасқан.

«Қарқаралы» атауының пайда болу тарихы туралы ой-пікірлер жетерлік. Аңыздардың біріне сүйенсек, Баян Сұлу бас киімін осы қасиетті жерлерге тастаған-мыс (қарқара – әйелдердің үшкір пішінді бас киімі). Содан бері бұл жерлерді Қарқаралы деп атап кеткен.

«Жалпы, Қарқараң сөзін пайдалану дұрыс сияқты. Бұл сөз «тәж» дегенді білдіреді, ол ел билеушілері мен ханды қарапайым адамдардан жоғары мәртебесімен ерекшелендірген», - дейді этнограф, тарихшылар.

Аудан орталығы – Қарқаралы қаласы 1824 жылы құрылған. Бірақ Қарқаралы өңірінің тарихы осы 200 жылмен ғана шектеліп қоймайды. Тарих бұл аймақтан тіпті жер бетіндегі ең алғашқы жыртқыш аң түрлері – динозаврлардың қалдықтары табылғанын дәлелдеді. Ал қала маңындағы Кент тауларындағы Талды қорымынан (Қасым Аманжолов атындағы ауыл) табылған «Алтын адам» – ежелгі сақ және ғұн тайпалары дәуірінің символы. Осы деректерге сүйенсек, Қарқаралының 2 мың жылдан астам тарихы бар. Оның көп ғасырлық тарихы ұлы ағартушы Абай мен оның әкесі, Қарқаралы уезінің аға сұлтаны Құнанбай Өскенбайұлының есімімен тығыз байланысты. Қала орталығында әйгілі Құнанбай мешіті орналасқан.

XIX ғасырдың екінші жартысында Қарқаралы Орталық Азиядан, Қытайдан Сібірге керуен жолының қиылысы ретінде сауда, өнеркәсіп, мәдениет және білім берудің маңызды нүктесіне айналған. 1848 жылдан 1930 жылға дейін Қарқаралының солтүстігіндегі Қарасор көлінің жағасында әйгілі Қоянды жәрмеңкесі өткен.

Аудан аумағында ауданы 112,1 мың гектардан асатын ерекше қорғалатын табиғи аумақ – Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі орналасқан.

Қарқаралыға қалай жетуге болады?

Қарқаралы облыс орталығынан шығысқа қарай 220 шақырым жерде орналасқан. Күн сайын Қарағандыдан Қарқаралыға автобустар қатынайды, олардың бағасы шамамен 1000 теңге. Тезірек жеткізгісі келетіндер үшін мобильді қосымшалар арқылы жеке тасымалдаушыларды табу оңай. Жеке такси жүргізушілері бір жолаушыға шамамен 2 500-3 500 теңге ақы алады.

Егер сіз Қарқаралыға өз көлігіңізбен барғыңыз келсе, Қарағандыдан Бұқар жырау ауданы Ботақара кенті арқылы Павлодар тас жолына шығуыңыз қажет. Қарағандыдан Қарқаралыға дейінгі жолдың ұзындығы – 221 шақырым. Орташа жүріспен 2,5 сағатта жетуге болады.

Қайда тоқтауға болады?

Қазір ауданда 3 мыңға жуық турист қабылдай алатын 35 демалыс үйі бар. Олар әртүрлі уақытта жұмыс істейді. Мысалы, кейбір демалыс орындары тек жаз айларында қызмет көрсететін болса, кейбіреулері жыл бойы жұмыс істейді. Шағын демалыс орындары тек демалатын орындар ұсынса, үлкен демалыс үйлері тамақ пен қосымша қызмет көрсетуге дайын. Осыған байланысты баға жағынан да айырмашылық бар. Мысалы, қала аумағындағы қонақ үйде қону бір адамға тәулігіне 4 000 теңге тұрады. Ал демалыс үйлерінде бір адамға тәулігіне 20 000 теңге төлеуге тура келеді. Сондай-ақ жеке коттедж-үйлерді жалға алуға болады, олардың орташа бағасы тәулігіне – 35 000 теңге.

Негізі, бағалар Қазақстанның басқа курорттық аймақтарынан айтарлықтай ерекшеленбейді. Кейбір демалыс орындарынан сәл арзанырақ деп айтуға болады. Бұған Қарқаралы табиғи қорығына келетін туристер саны дәлел. Жыл сайын туристер саны артып келеді. Өткен жылы мұнда 24 мыңға жуық турист келген.

Қандай көрікті жерлер бар?

Ұлттық парк аумағында 4 туристік бағыт бар.

- Шайтанкөл аңыздары

- Үш үңгір

- Тас ертегілері

- Тарихи ескерткіштер

Енді осы бағыттар туралы толығырақ тоқталсақ.

Шайтанкөл – Қарқаралы қаласынан 5 шақырым жерде орналасқан. Көлемі жағынан шағын, ұзындығы небәрі 60 метр, ені – 40 метр. Алайда ол республикалық маңызы бар табиғат ескерткіші болып саналады әрі Қазақстанның ерекше қорғалатын аумақтарының тізіміне енген.

Бұл – аңыздарға толы ең жұмбақ орындардың бірі. Өлкетанушылардың айтуынша, көл Әулие Жиренсақалдың есімімен аталған. Бұл туралы халық арасында көптеген аңыз бар.

Ежелгі уақытта Әулие Жиренсақал осы орманды аймаққа келіп, бүкіл ел бойынша саяхаттаған. Әулие биік таулардың бірінің басында өмір сүрген деп айтылады. Бірде ол Шайтанкөлге барған. Көлге жақындаған кезде суда жүзіп жүрген адамдарға ұқсайтын екі сары сұлбаны байқайды. Бір-бірімен сөйлесе отырып, олардың бірі түсініксіз тілде «Әбілет, Әбілет!» десе, екіншісі оған «Жәбілет» деп жауап береді.

Әулие бұл екеуі ерлі-зайыптылар екенін білгенде, олардың одан әрі көбеюінен қорқып, дұға етіп, қатты айқайлады. Содан кейін екі жын бірден жоғалып кетеді. Осыдан кейін Әулие көлге жиі келіп, дұға оқыған. Сондықтан көл «Шайтанкөл» деген лақап атқа ие болған дейді.

Тағы бір аңыз Шайтанкөлді жұмбақ крест тарихымен байланыстырады. Жазбаларға сәйкес, жүз жыл бұрын, көптеген адамның өтініші бойынша архиепископ Михаил жындар мен шайтандарды қорқынышты жерден шығару үшін көлдің батыс жағалауына крест орнатқан екен. Алайда көп ұзамай крест түсініксіз мистикалық күштің әсерінен суға құлап кеткен. Содан оны «Шайтанкөл» деп атап кеткен дейді тағы бір аңызда.

Көлді табиғат кереметі деп атауға болады. Өйткені ол теңіз деңгейінен 1 200 метр биіктікте орналасқан. Осы уақытқа дейін ғалымдар мен мамандар оны зерттемеген. Шайтанкөл өзендермен немесе бұлақтармен толықпайды. Бірақ қардың көп еруіне, қатты жаңбырға немесе керісінше жазғы құрғақшылыққа қарамастан, мұнда су деңгейі ешқашан төмендемейді немесе көтерілмейді. Судың химиялық құрамы да, көлдің тереңдігі де әлі белгісіз. Бұл су қоймасының түбін әлі ешкім көрмеген дейді жергілікті халық.

Туристер көлге жаяу бара алады. Ал көлікпен бару шамамен 3 сағатты алады. Қыста қардың қалыңдығынан мұнда жету мүмкін емес.

Үш үңгір «Қарабайыр адамның үңгірі» деп те аталады. Бұл Қарқаралы табиғи қорығының туристік орындарының бірі. Үңгірдегі төбенің биіктігі – 5 метр, ені – 20 метр, ұзындығы – 10 метр.

«Үш үңгір» – Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Тау» орманшылығы, Мәліксай алқабында орналасқан алғаш қауым мекендеген үнгірлер. Негізгі географиялық пункттерінің атауы – «Табиғат мұражайы», «Үш үңгір». Қашықтығы – 12 шақырым. Аялдаманы ескерсек, шамамен 1 сағат 20 минутта жетуге болады. Маршрут Қарқаралы МҰТП кеңсесінен басталады. Одан кейін қаланың оңтүстік шеткері шекарасымен жүріп отырып, тамашалап көретін бірінші нысан – «Табиғат мұражайы». 1983 жылы салынған, ағаштан тұрғызылған екіқабатты құрылыс. Бұл жерден туристер ұлттық парктің өсімдіктер мен жануарлар әлемін, өзен-көлдері мен тау-ормандары көрсетілген Қарқаралы тауларының макеті, тарихы туралы жалпы мәлімет ала алады. Мұражай жанында аумағы 2 гектарға жететін, жануарлар мекендейтін зоологиялық вольер орналасқан. Вольерде суырлар, бұғылар, бизондар мекендейді. Екінші тамашалайтын нысан – «Үш үңгір» туристік маршруты.


Тас ертегісі (Бассейн) көлі– Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Тау» орманшылығында орналасқан. Ұзақтығы – 4,6 шақырым. Аялдаманы ескерсек, 3 сағатта жетуге болады. Жалпы ауданы – 0,14 гектар.

Бассейн көлі – Қарқаралы қорығындағы көркем шағын көл. Пішіні жүзу бассейніне ұқсас болғандықтан «бассейн» деп аталған. Теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте орналасқан геологиялық бірегей түзілім. Көлдің ұзындығы – 60 м, ені – 40 м, орташа тереңдігі – 3 м. Гранитті биік тастармен қоршалған. Жан-жағындағы жартас тастар жазда көлді көлеңкелеп, суын буланудан сақтайды. Батыс, солтүстік жағалаулар ойпатты келеді. Шығыс жағалауы ашық, жұмсақ, су деңгейі бір қалыпта сақталады. Көлге қар мен жаңбыр суы құйылады, сондықтан көл суы мөлдір, тұщы.

Тарихи ескерткіштер

XVI-XVII ғасырларда Қарқаралыны жоңғарлар мен қалмақтар басып алды. Егер эпостық жырларда Қарқаралы махаббат, тыныштық орнаған жер деп аталса, онда тарихи дереккөздерде жоңғар-қалмақ мекені ретінде де белгілі. Бұған дәлел: Қызыл кент – Кент тауларында орналасқан Қызыл сарай.

Сарай барлық жағынан жартасты таулармен қоршалған шағын жазықта, Қарағандыдан 260 шақырым жерде, Қызылсу өзеніндегі Қызылкент шатқалында орналасқан. Сарай – XVI-XVII ғасырлардағы сәулет ескерткіші.

Қызыл сарайдың құрылысы бүгінгі күнге дейін сақталған. Бұл бір кездері екі қабатты крест тәрізді сәулет ескерткіші болған. Құрылыс материалы жергілікті жерлерде өндірілген қызыл тастан ойылған.

Қызыл кент 15 гектардан астам жерді алып жатыр. Бір кездері сарайда 5 000-ға жуық адам болған. Қалада сауда жақсы дамыған. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған сауда дүкендерінің, алыс елдерден әкелінген тауарлар осыған дәлел. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар дұға ететін ғибадатхана болған. Археологтар оны 2011 жылы тауып алған. Ал содан кейін Қызыл сарайдың орнынан үлкен қала мен будда ғибадатханасы табылды.

Бір қызығы, бұл ғибадатхана табылғанға дейін жергілікті тұрғындар Әулие бикешке табынған.

Қазба жұмыстары кезінде табылған артефактілердің көпшілігі жергілікті жағдайға сәйкес келмейді. Олардың әшекейі Моңғолиядағы Лама храмдарында қолданылғанға ұқсайды. Осыған байланысты зерттеушілер бұл буддистік ламалардың ғибадатханасы деген қорытындыға келді.

Қарқаралының қасиетті топырағында халқымыз мақтан тұтатын алып тұлғалар туып-өскен.

Бұл жер Қазыбек бидің, ержүрек ақын және композитор Мәди Бапиұлының, Тәттімбеттің, Кенже бидің, ақын Шөженің кіші Отаны болып саналады. Алаш Орданың алып ұлдары Нығмет Нұрмақ, Жақып Ақбай, Әлімхан Ермек, бүкіл әлемге қазақ ән өнерін көрсеткен Мәдіғали Тәтім, Әміре Қашаубаев, әнші-бұлбұл Жүсіпбек Елебеков, ақын Қасым Аманжолов, халық жазушысы Әлжаппар Әбішев, «Халық қахарманы», тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров және белгілі әнші Мақпал Жүнісова осы жерде туып-өскен.

Қарқаралыда Абай үйі, Құнанбай қажы ескі мешіті, Мәди Бапиұлының жерленген жері, «78-коммунарлардың бауырлас қабірі» деп аталатын мемориалдық кешен, сондай-ақ 5 000 экспонаты бар танымдық тарихи-өлкетану мұражайы және басқа да көрнекті орындар бар.

Қарқаралы ұлттық табиғи қорығы – Орталық Қазақстанның інжу-маржаны. Табиғи парк флорасының сегіз жүзден астам түрі бар. Олардың бесеуі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Жануарлар әлемінде сүтқоректілердің 46 және құстардың 25 түрі бар.

Туристерді қабылдау үшін визит-орталық жұмыс істейді.



Соңғы жаңалықтар