Арқалықта қайыс бұйымдарын шығаратын өндіріс орны ашылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Арқалық қаласында қайыс ер-тоқым бұйымдарын шығаратын өндіріс салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Үкімет отырысында айтты. Өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған шаралар туралы ақпарат берген әкім Арқалық қаласында жеңіл өнеркәсіпті дамытудың келешегі мол екенін атады.

«Қостанай қаласында индустриялық аймақ салынып отыр. Қазір ондағы зауыттардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Айта кететін мәселе, осы индустриялық аймаққа коммуникация өткізуге жұмсалған бюджеттің әрбір теңгесіне 38 теңге инвестиция тартылды. Арқалық моноқаласында бизнесті дамыту жөніндегі нақты шаралар көңіл бөлініп отыр. Қазірдің өзінде оң нәтиже көрсете бастады. Мысалы, ұзақ жылдар бойы жұмыс істемей тұрған тері дайындаумен және қайта өңдеумен айналысатын «Үміт» кәсіпорны реанимацияланып, іске қосылды. Қазіргі таңда нақты жұмыс істеп тұр. Қазақстандық, ресейлік және өзбекстандық компаниялармен өнім жеткізу шарттарын жасасты. Экспортқа жіберіп жатыр. Соның арқасында біз 50 жұмыс орнын аштық», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ ол аталған кәсіпорынның жанында арнайы киім тігіп, тері дайындайтын шағын кәсіпорындар желісін құрылып жатқанын атап өтті.

«Осы тәжірибені ескере отырып, Амангелді, Жангелдин және Наурызым аудандарында тері дайындау орталықтарын жақын арада ашамыз. Сондай-ақ Арқалық қаласында аяқ киім, былғар галантерея және қайыс ер-тоқым бұйымдарының өндірісін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге «ERG» компаниялар тобының Торғай боксит кен басқармасының ғимараттары босады. Қазір соларды біз бизнес инкубаторға айналдырып жатырмыз», - деді Архимед Мұхамбетов.

Айта кетейік, Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жалғасатынын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар