Арқалықта бойжеткенді «14 адамның зорлауы»: Істің мән-жайы анықталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облыстық Полиция департатаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов Арқалық қаласындағы қыз зорлау ісіне қатысты мән-жайды айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс материалдарында көрсетілгендей, 2018 жылдың 19 сәуірінде Арқалық қаласы Екідің ауылының 22 жастағы тұрғыны өзін 14 адамның зорлағанын, кейін жүкті болып қалғанын айтып, полицияға арыз жазған. Бірнеше күннен кейін ол белгілі адвокат Айман Омароваға хат жолдаған. Жәбірленуші өзіне зәбір көрсеткендердің барлығы да бостандықта жүргенін жеткізіп, заңгерден көмек сұрайды. Аталған факті бойынша Қостанайлық полицейлер сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізді. Медициналық тексеру барысында барлық күдіктілерге қатысты сот-генетикалық сараптама жасалды. Дегенмен, сараптама күдіктілерге қатысты теріс нәтиже көрсеткен.

«Қыздың кімнен жүкті болғанын білу мақсатында сол Екідің, тіпті көрші ауылдағы ер адамдар тексерілді. Іске барлығы 40 ер адам қатыстырылды. Жауап алу барысында бойжеткеннің туысы онымен жыныстық қатынаста болғанын растады. Бірақ ол қатынасқа жәбірленуші өз еркімен барған», - дейді облыстық Полиция департатаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов.

Осылайша, полицейлер бойжеткеннің кімнен жүкті болғанын анықтады. Ал 14 жігіттің ата-аналары бойжеткенді жала жапқаны үшін сотқа бермек.

Айта кетейік, бұл іс ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде қайта көтерілген болатын.


Соңғы жаңалықтар