Арқалыққа мазут тасымалдау тоқтатылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - 2020 жылдан бастап Арқалықтың жылу-энергетикалық орталығы көмір тасымалдай бастайды. Бұл туралы облыс әкімінің қатысуымен өткен аппарат мәжілісінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Арқалық қаласын жылумен қамтамасыз ету ел қазынасына қымбатқа түседі. Себебі, мазуттың бағасы жыл сайын өсіп келеді. Шағын қаланың жылдық отын қорын жасау үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард тенгеден астам қосымша қаржы бөлінеді. Жергілікті жылу орталығын көмірге ауыстыру мәселесі 2020 жылы шешімін табуы тиіс.

Арқалық қаласының әкімі Эльдар Күзенбаевтың сөзінше, былтырғы жылыту маусымында 20316 тонна мазут жағылған. Қазір оның 1800 тоннасы артық қалды.

«2018 жылмен салыстырғанда 4 мың тонна мазут үнемдедік. Есесіне 1200 тонна көмір сатып алынды. Оның ішінде Ашутасты, Молодежный, Шұбаркөл қазандықтарына 960 тонна көмір жеткізілді. Көмірдің орташа бағасы тоннасына 17021 теңгеге есептелді. Былтыр Арқалық қаласындағы қуаты 2,5 МВт турбоагрегатты ауыстыру жұмыстары басталды. «Арқалық ЖЭО қайта жаңарту» жобасы шеңберінде «GOLD EURASIA CORPORATION» ЖШС-мен 554 млн 384 мың теңге сомасына шарт жасалды», - деді Э.Күзенбаев.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтқандай, қаланы мазутпен қамтуға соңғы жылы 2,5 млрд теңге жұмсалған. Сұйық отынның тоннасы 50-ден 90 мың теңгеге дейін өскен.

«Мұндай қаржының жұмсалуы бюджетке ауыр соққы. Мазуттың тоннасы 120 мың теңгеге дейін өсіп кетуі мүмкін. Сондықтан 2020 жылы мазут тасымалдауды тоқтатамыз. Арқалықты көмірмен жылытуды бастаймыз. Жоба құны 7 млрд 600 млн теңге болғалы отыр. Әрі қарай осы жобаның «Жол картасын» құрып, таңдалған мердігерлермен жұмыс істейміз», - деп тапсырды облыс әкімі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қостанай облысында 1442 шақырым электр желісін жөндеу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар