14:08, 19 Ақпан 2021 | GMT +6
Арқалық маңында боранда қалып қойған 7 адам құтқарылды
АРҚАЛЫҚ. ҚазАқпарат – Арқалық қаласының маңында қар құрсауында қалып қойған адамдарға көмек көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға сағат 03:00 шамасында болған. Арқалық қаласы мен Алуа селосының аралығында «УАЗ» автокөлігі сынып қалған. Боран күшейіп, қар қалыңдап кеткен соң жолаушылар құтқарушыларға хабар береді.
«Автокөлік ішінде 2 баланы қосқанда 7 адам болған. ТЖД Өрт сөндіру қызметінің Жедел-құтқару жасағы боранда қалған жолаушыларды Арқалық қаласына жеткізді. Генератордың істен шығуына байланысты автокөліктің бұзылғаны анықталды», - дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Уәлихан Досанов.
Облыстық ТЖД тұрғындарға төтенше жағдай кезінде құтқару қызметіне («112» телефоны арқылы) қоңырау шалу қажеттігін ескертеді.