Арқалық қаласындағы Торғай боксит кен басқармасы ресми түрде жабылды

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Арқалық қаласындағы Торғай боксит кен басқармасы (ТБКБ) ресми түрде жабылды. Қазіргі уақытта қызметкерлер басқа жұмыстарға орналастырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Арқалық қаласының әкімі Қайрат Әбішевке сілтеме жасап.

Қала әкімінің айтуынша, жұмыссыз қалған тұрғындарға барынша қолдау көрсетіледі. Жергілікті кәсіпкерлер де мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жаңа жұмыс орындарын ашпақ. Бүгінде ТБКБ-да жұмыс тауып үлгермеген 269 адам бар. Олардың екеуі уақытша жұмыс істеп жатса, 79 адам ұсынылған жұмыстан бас тартқан. ERG-дің басқа кәсіпорындарына бұған дейін 189 адам қызметке алынған.

«2021 жылдың қаңтар айында кен басқармасы қызметінің толық тоқтауына байланысты ERG тобы өкілдерінің, Қостанай облысы әкімінің орынбасарының, Арқалық қаласы кәсіпкерлерінің қатысуымен кеңес өтті.

Онда «Еуразиялық Топ» ЖШС алаңында босатылатын объектілерді ТБКБ-на беру мәселелері қаралды. Аталмыш нысандар қайтарымсыз негізде беріледі деп жоспарлануда. ТБКБ қызметкерлерін жұмысқа орналастыру шарты да жасалады», - деді Қайрат Әбішев.

Қазірдің өзінде жергілікті «Аллюминстрой» серіктестігінің жанар-жағармай нысандары, технологиялық көлік цехы, жөндеу-энергетикалық жабдықтары мен қойма шаруашылығы учаскелеріне 80 жұмысшы алынады.

Қала әкімі айтқандай, «Еңбек» бағдарламасы аясында Арқалықта төрт жобаға 53 млн теңге шағын несие берілді. «Бастау-бизнес» бойынша 17 Арқалық тұрғынына кәсіптерін дамыту үшін жалпы сомасы 47 млн теңге қаражат берілді, екі көпбалалы ана 1 млн теңгеге грант қаражатына қол жеткізді. Олар оңалту орталығы мен балалар мектебін ашқан.


Соңғы жаңалықтар