Арқалық қаласы газдандырыла ма

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Арқалық қаласын, Жангелді және Амангелді аудандарын газдандыру қазіргі уақытта мүмкін емес. Бұл жайында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қостанай облысының оңтүстік өңірінде газ құбырларының магистральдық желілерінің болмауына байланысты Арқалық қаласын, Жангелді және Амангелді аудандарын газдандыруды жүргізу қазіргі уақытта мүмкін емес. Бұған дейін Ақтөбе облысының Ырғыз-Шалқар газ құбырынан өңірге газ өткізу мүмкіндігі зерттелген болатын», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Оның дерегінше, аталған өңірлерге ең жақын газ құбыры Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Нұра ауылында орналасқан. Онда қазіргі уақытта 0,6 МПа қысыммен жеткізілетін газ құбырын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Бұл қуаттың жеткіліксіздігіне байланысты Қостанай облысын газдандыруды жалғастыруға мүмкіндік бермейді. Бұл ретте Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан Арқалық қаласын, Жангелді және Амангелді аудандарын газдандыру үшін (осы қосылудың техникалық мүмкіндігі болған жағдайда) газ құбырының ұзындығы шамамен – 400 шақырым. Ал, құны шамамен 60 млрд теңгеден асады. Өңірдегі жалпы халық саны – 66,5 мың адам», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар