Әріптестерін пышақтаған жамбылдық полицей қашып жүр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі Жамбыл облысындағы ішікі істер департаментінің басқарма басшылары мас күйінде жанжал шығарған атышулы іске қатысты бірқатар жайттарды анықтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қылмыс жасаған Үмбеталиев оқиға орнынан қашып кеткен. Оны табу үшін қылмыстық тергеу органдары жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Үмбеталиевтің өзі ресми тергелген жоқ және ешқандай түсініктеме бермеді.  Қылмыстық іс Жамбыл облысының арнайы прокурорының қарауына алынды», - деді ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев.

Оның айтуынша, заңнамада сотқа дейінгі тергеу деректерінің құпиялылығын сақтау керектігі жазылған және тергеу барысы туралы мәліметтер жариялауға жатпайды.

Еске сала кетсек, мас күйінде жанжал шығарған Жамбыл облыстық ІІД басқарма басшылары ішкі істер органдарынан шығарылды.

«Облыстық ІІД департаментінің басқарма басшылары мен бұрынғы полиция қызметкерінің атышулы оқиғасы бойынша қызметтік тергеу жүргізілді. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Демеуов М.Ғ. жетекшілігіндегі тәртіптік комиссияның шешімімен өңірлік ІІД басқарма басшылары Үмбеталиев пен Бектұрғанов ішкі істер органдарынан шығарылды», - деп хабарлады А.Сәдубаев.

Оның айтуынша, кадрлық жұмыс және қызмет бойынша ІІД басшысының орынбасарлары өз қызметтерінен босатылды, ІІД басшысының бірінші орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда.

Бұған дейін Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің басқарма басшылары төбелесіп, бір-бірін пышақтағандығы туралы хабарлаған болатынбыз.  

Соңғы жаңалықтар