Әріптесін өлтірген полицейдің соты кейінге қалдырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сотында өз әріптесін атып өлтірген полицейдің басты сот талқылауы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Сот алдында Жергілікті полиция қызметінің бұрынғы инспекторы Азамат Беристемов жауап беруі тиіс.

Қаза тапқан Сәбит Бегланұлы инспектор Азамат Беристемовтің қарындасына үйленген күйеу баласы, оның артында 3 бала қалған.

Алайда сот отырысы бүгін өткізілмеді. Себебі, сотталушы ауырып қалғандықтан, айдауыл қызметі оны сотқа алып келе алмады.

Судья Ерлан Болатов ер адамның денсаулығы туралы анықтама әкелуін талап етті.

«Егер ол келесі жолы да келмесе, анықтама әкелсін. Болашақта сот процесінен бас тартатын болса, Қылмыстық процессуалдық кодекс бойынша сот процесін оның қатысуынсыз өткізе аламыз. Қазір бастай алмаймыз. Сот кейінге қалдырылды», - деді Ерлан Болатов.

Еске салайық, 2018 жылы қыркүйек айының соңына қарай Алматыда Жергілікті полиция инспекторы Азамат Беристемов өзінің әріптесі Сәбит Бегланұлын атып тастаған болатын. Жарақат алған Сәбит Бегланұлы сол күні, түнгі сағат 22.00-де ауруханада көз жұмды. Кейін тәртіп сақшыларының туысқандар екені анықталды.

Аталған оқиғаға байланысты ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пікір білдірген болатын. «Күдікті кезекшілікке келіп, қаруды қабылдаған. Кейін гараждан автокөлікті алуға шыққан кезде, ол күйеу баласымен яғни қарындасының күйеуімен жолыққан. Көз жұмған қызметкер кезекшілігін тапсыруға келген. Соңғы алты ай мерзімде ол отбасымен бірге тұрмаған көрінеді. Кешқұрым қызметкерлер кездесіп қалған кезде жанжал туындап, соның салдарынан біріншісі қарудан оқ атқан», - деп нақтылады ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар