Архив 2025 жобасы тарих жайлы деректерді зерттеуге мүмкіндік береді - Ақберен Елгезек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Архив 2025 жобасы жер шарында шашылған қазақтардың тарихы жайлы деректерді жинап зерттеуге мүмкіндік беретін бірегей жоба. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма басшысының орынбасары Ақберен Елгезек ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінгі мақала қазақ тарихын жүйелеуді жаңа кезеңге  шығаратын қадам.  Бүгін барлық зиялы қауым өкілдері, тарихшылар үшін қуанышты күн.

«Қазақстанда тәуелсіздік алғалы 27 жылда өзінің төл тарихын саралауға оны жүйелеуге қалпына келтіруге үлкен талпыныстар болған. Мысалы «Мәдени мұра» бағдарламасының өзін алайық. Бұл бағдарлама аясында тарихи жәдігерлерді қалпына келтіру, тарихи ескерткіштерді жөндеу сияқты іргелі жұмыстар жасалды. Одан кейін тарих ғылымындағы теориялық кейбір мәселелері қалпына келтірілді. Бірақ тура осындай Елбасының мақаласы сияқты арнаулы үлкен бағыт қамтылмаған болатын», - деді ақын.

Оның айтуынша, Елбасы қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқтығын тағы да шегеледі.

«Біздің даламыз тарихы тереңде жатқан үлкен мемлекеттердің отаны, үлкен өркениеттердің алтын бесігі болған. Қазақ жері үлкен рухани, философияның, әдебиеттің, өнер мен ілім-білімнің, тіпті діндердің бастауы да болған», - деді Ақберен Елгезек.

Қаламгер өз сөзінде Президент мақаласынан соң біз естімеген жаңа тарих  парағы ашылуы мүмкін екендігін айтты.

«Біз өз тарихымызды бүгінге дейін әлі терең зерттей қойған жоқпыз. Осы күнге дейін біз тарихқа отарлау көзқарасымен қарап келдік. Тарихи зерттеу мектептеріміздің өзі советтік, орыс тарихнамасы жолымен кеткен. Әлі күнге дейін соған алаңдап тұрады. Ал Елбасының бұған жазған мақаласы  ой еркіндігі, зерттеу еркіндігін береді. Шынымен де тәуелсіз қазақ өз тарихымызды өзіміз ашып тұрып қарайтын мүмкіндік. Себебі кез-келген мемлекетте тарихи саясат деген ұғым болады. Мемлекет өз тарихына назар аудармайтын болса әркім әртүрлі жазады. Тарих жүйелеуді қажет етеді. «Архив 2025» арнайы жобасы жер жаһанда шашылған қазақ тарихы жайлы деректерді жинап зерттеуге мүмкіндік беретін  дүние. Бұл жобалар іске асатын болса, біз тіпті өзіміз естімеген, білмеген жаңа тарих куәгері болуымыз мүмкін.   Сол себепті біз өзіміздің ежелгі тарихымызға, ежелгі дүние тарихына, ерте орта ғасыр тарихына, қазіргі заман тарихына деректерді жинайтын болсақ қана өз тарихымызды жүйелейтін боламыз. Ал біздің тарих кез-келген ұлт тарихынан еш жері артық болмаса кем емес. Бұл мақала тарихи санамызға сілкініс беретіні рас. Тарихи санасы қалыптаспаған елдің болашақтағы бейнесі солғын көрінеді», - деді ол.

Айта кету керек, бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялаған болатын.

 

 

Соңғы жаңалықтар