«Архив-2025»: Мәдениет министрлігі жоба тұжырымдамасын әзірлеп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Архив-2025» бағдарламасы аясында жоба тұжырымдамасын жасауға кірісіп кетті. Бұл туралы бүгін ҚР «Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде» өткен дөңгелек үстел барысында Архив ісі және құжаттама департаменті басқармасының басшысы Әнуар  Тоқтаров айтты.

«Қазір аталған жоба бойынша бағдарламаның тұжырымдамасын әзірлеу үстіндеміз. Ең алдымен мемлекет басшысы айтқандай, ғылыми айналымға түспей жатқан бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттарды зерттеу үшін, бірыңғай жұмыс тобы құрылады. Бұл жұмыс тобы алдағы уақытта атқаратын іс-шараларды жоспарлайды. Іске асырылатын зерттеу жұмыстарын бір арнаға тоғыстыру үшін «E-архив» - электронды құжаттардың бірыңғай архиві жасалатын болады. Онда электронды портал құрылады. Жалпы Қазақстан бойынша 219 мемлекеттік архив бар. Солардың барлығы «E-архив»-ке  қосылады», - деді Ануар Тоқтаров.

«E-архив» жобасы 2018-2020 жылдар аралығын қамтиды. Бұған 1,5 млрд теңге қарастырылған. Жобаның прототипі дайындалып, архив қызметкерлеріне таныстырылды. Енді тек архивтерді аталған жобаны іске асыруға қажетті заманауи ұйымдастыру құралдарымен қамтамасыз ету, басқаша айтқанда материалдық-техникалық тұрғыдан қайта жасақтау қалды.    

2020 жылға дейін архивтер 100% жоғарыда аталған электронды порталға қосылуы тиіс. Мамандар Мемлекет басшысының мақаласынан соң бұл жобаны кеңейтуге күш салмақ.

Ануар Тоқтаровтың айтуынша, порталда Қазақстан туралы зерттеу жұмыстарының электронды фото, аудио, видео, скан құжаттарының цифрландырылған нұсқалары жарияланады.

«Кейбір құжаттардың өзін әкеле алмаймыз. Бірақ көшірмелерін әкеліп, скан нұсқаларын қоямыз. Кез келген архив қызметкері оны цифрлық форматта ашып көре  алады. Алайда, кез келген архив бұл жобаға дәл қазір қосыла алмайды. Тиісті білімі бар мамандар да қажет.  Осы мәселенің барлығын жұмыс тобы шешеді», - деді ол.

Айта кету керек, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау туралы ұсыныс айтқан болатын.

 

Соңғы жаңалықтар