«Архив-2025» аясында 30 мың құжаттың көшірмесін әкелуді көздеп отырмыз - Берік Әбдіғали

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали «Архив-2025» бағдарламасының мақсаты мен міндеті туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында басталған «Архив-2025» бағдарламасына қысқаша тоқталып өтейін. Жақында ғана Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасы бойынша Ұлттық архив пен қолжазбалар, сирек кітаптар ұлттық орталығының жанынан «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығы құрылды. Арнайы республикалық жұмыс тобы құрылып, оған барлық орталық және өңірлік архив жетекшілері, облыстық архив басшылары кірді. Бүгінгі таңда «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасының жобасын дайындау көзделіп отыр. Сонымен қатар, архивтердің шетелден қайтарылған немесе анықталып, қайтарылмаған құжаттардың толық сараптамасын жасап, арнайы шетел архивтері мен кітапханаларына шығатын республикалық археографияық экспедициясын жасау жоспарлануда», - деді Берік Әбдіғали Астанада өтіп жатқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы жетекшісінің айтуына қарағанда, биылдан бастап бюжеттік комиссия бойынша қаражат бөлінсе, бүкіл әлемдегі қазақтың тарихына қатысты құжаттар түгенделеді.

«Бұл бағдарламада біз БҒМ-ның тарих, шығыстану институттарымен, ғалымдармен бірігіп жұмыс істейміз. Бүгінгі күні «Мәдени мұра», «Тарих толқыны» бағдарламаларының арқасында 36 635 құжат анықталған екен. Бірақ, оның 6 400-інің ғана көшірмесі келген. Сол себепті, бірінші кезекте ғалымдарымыз анықтаған, алайда елге әкелінбеген құжаттарды әкелу жоспарланып отыр. Бұл да біздің тарих ғылымының дамуына, тарихты түгендеуде жақсы қадам болмақ», - деді ол.

Берік Әбдіғали жастарды тарихи құжаттармен жұмыс істеуге үйрете отырып, жастардың тарих ғылымына қызығушылығын арттыру бағытында жақсы мүмкіндік туып отырғанын атап өтті.

«Бізде қытай немесе араб тілін білетін мамандар жеткіліксіз. Маман дайындап, архивтерге мамандарымызды тағылымдамаға жіберсек, көптеген құжаттарды әкелеміз деген сенімдеміз. Тарихымызды түгендеу бағытындағы жұмыстарымыз баянды болсын», - деді Берік Әбдіғали.

Соңғы жаңалықтар