Архимед Мұхамбетов жедел жәрдем қызметіне бірнеше реанимобиль тапсырды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының жедел жәрдем қызметіне заманауи «Ford Transit» маркалы реанимобильдердің кілтін тапсырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ҚР Тұңғыш Президент күні қарсаңында облыста көптеген маңызды іс-шаралар өтіп жатыр. Жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп, кәсіпорындар ашылып, тұрғын үй кілттері тапсырылуда. Соның бірі Қостанай ауданының Заречный ауылында өтті. Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов жедел жәрдем қызметіне «Ford Transit» маркалы 5 реанимациялық машинаның кілтін тапсырды.

«Облыстағы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жағдайы жыл санап артып келеді. Биыл облыстың денсаулық сақтау саласына 53 млрд теңге бөлінген. Медицина мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтауға 2,2 млрд теңге қарастырылды. Жедел жәрдем қызметі де едәуір ілгеріледі. Биыл 1 қаңтардан бастап құрамында 23 аралық станциясы бар облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы жұмыс істей бастады. Соңғы 3 жыл ішінде облыстық бюджет есебінен 783 млн теңгеге 30 санитарлық автокөлік, 17 реанимобиль сатып алынған», - дейді Архимед Мұхамбетов.

Облыстық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Ирина Штейгервальдтің айтуынша, жедел медициналық көмек қызметін жарақтандыру халыққа уақытылы және сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

«Облыстық жедел жәрдем станциясының автопаркі кезекті рет жаңартылады. Аймақ басшысы бізге 5 реанимобиль тапсырды. Көліктер заман талаптарына сай жабдықталған, бүгіннен бастап қызметке кірісуге дайын. Осымен «103» қызметінің көлік қажеттілігі шешілді»,- дейді Ирина Штейгервальд.

Жыл басынан бері «103» жедел жәрдем қызметіне 30 фельдшер жұмысқа тұрған. Алдағы екі жылда тағы 60 дәрігер келеді деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар