Архимед Мұхамбетов техникалардың қысқа дайындығын тексерді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының əкімі Архимед Мұхамбетов қысқы маусымға дайындықты пысықтау үшін бірқатар кәсіпорынға бас сұқты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Өңір басшысы барған нысандардың бірі - «Астық» элеватор зауыты. Элеватор биылғы жылы 20 келісімшарт жасаған. Олардың көбі астықты қабылдау-жеткізу, теміржол арқылы контейнермен жөнелту сияқты қызметтер үшін жасалған. Бүгінге дейін «Астық» зауыты 600 млн теңгенің өнімін шығарған. Онда 25 адам жұмыс істейді. ЖШС басшысы Данияр Күзенбаев жақында жаңа цехтардың ашылатыны жөнінде айтты. Дегенмен жаңа цехтарға станоктар жетіспеуі мүмкін.

«Металл Қарағандыдан əкелінеді. Кейде Ресейден сатып аламыз. Неғұрлым арзан əрі сапалы жағын қарастырамыз», - деп жауап берді облыс әкімінің сауалына Д.Күзенбаев.



Қысқа дайындық күйі тексерілген келесі кәсіпорын -  «ТазаЖол» ЖШС.  Жауапкершілігі шектеулі серіктестік арнайы техникаларды сатып алу үшін 117 млн теңге жұмсаған.

«60 млн теңгені мемлекеттік-жекеменшік əріптестік аясында алдық. 2015-2016 жылдары техникалардың жетіспеуінен жұмысымыз тұралап қалып жатты. Биылдан бастап реагенттер қолдана бастадық. Сол себепті де апаттық жағдайлар азайып, көшелерге сəн келді», - деді «ТазаЖол» ЖШС басшысының орынбасары Əмірбек Залиев.

Облыс əкімі 2016-2017 жылдары 454 млн теңгеге 35 техника сатып алынғанын атап өтті.

«Қысқа дайындықты бір пысықтаңыздар. Қала үлкейіп келеді. Северный, Юбилейный, Арман сияқты шағын аудандар бой көтерді. Алдағы уақытта тағы 15-20 техника алуға мүмкіндік бар. Бастысы, сапаға көңіл аударыңыздар» - деді Архимед Мұхамбетов.

Сондай-ақ облыс əкімі «АБЗ+» жəне «Вескор» кәсіпорындарына бас сұқты. «АБЗ+» ЖШС екі жыл ішінде небəрі 14 қысқы техникаға қол жеткізген. Архимед Мұхамбетов серіктестік басшысына тағы да екі арнайы техника сатып алуды тапсырды.

Жыл басынан бері Қостанайда 40 көше жөнделген. Оған бюджеттен 5,4 млрд теңге бөлінді. Көше жөндеу жұмыстарына тікелей жауап беретін «Вескор» ЖШС басшысы Сергей Евстафьевтің айтуынша, қазірдің өзінде 12 техника қысқа дайын тұр.

Аймақ басшысы  «Қостанай аулалары» бағдарламасының іске қосылғанын тілге тиек етіп, оның аясында бүгінгі күні 350 млн теңгеге 82 аула абаттандырылғанын атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар