Архимед Мұхамбетов Instagram әлеуметтік желісіне тіркелді
Облыс басшысы желідегі алғашқы жазбасында тұрғындарды ашық диалог құруға шақырды.
«Құрметті Қостанай облысының тұрғындары мен қонақтары! Халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына кіре отырып, мен Instagram әлеуметтік желісіне тіркелдім. Әлеуметтік желі тұрғындармен ашық және тікелей қарым-қатынас жасауға өте ыңғайлы. Менің ойымша, біз оқырмандармен бірге біздің облыстың одан әрі даму перспективаларын талқылауға бағытталған, сондай-ақ өңірдің өзекті мәселелерін шешуге ықпал ететін сындарлы диалогты жолға қоямыз», - делінген Архимед Мұхамбетовтің жазбасында.
Еске салсақ, 2019 жылғы 27 наурыз күні ірі қалалар мен өңір әкімдері қатысқан кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге халықпен өзара ықпалдастықтың жаңа форматын дамытып, әлеуметтік желілерде белсенді болуын тапсырған еді. Осыдан соң біраз әкім әлеуметтік желі арқылы халықпен байланысты жолға қойған болатын.