Архимед Мұхамбетов егіс науқанын жаз басталғанша аяқтауды тапсырды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - 2018 жылы Қостанай облысында егіс алқаптарын әртараптандыру процесін жалғастыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінге дейін Тобыл өңірінде барлығы 57 мың гектарға дәнді дақылдар себілді. Ендігі жұмыстар тек ауа-райына байланысты. Тиісінше, «Қазгидромет» орталығының мамандары мамыр айының соңына дейін жауын-шашын түспейтінін болжап отыр. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аппарат мәжілісінде күннің жылылығын пайдаланып, дән себу жұмыстарына кірісуді тапсырды. Егер табиғат тосын мінез танытпаса, көктемгі дала жұмыстары 3 маусымға дейін аяқталуы мүмкін. Өткен жылы толассыз жауған жаңбырдың салдарынан егіс науқаны маусымның басында әзер біткен еді.

«Әр аудан дала жұмыстарына жұмыла кіріссін. Тез арада егіп бітіру қажет. 15 мамырда егіс жұмыстары басталып, 3 маусымда аяқталуы тиіс. Агроөндіріс кешені субъектілерін қолдау бойынша шараларды жылдамдатыңыздар. Несиелеу Аграрлы кредиттік корпорациясы арқылы жүргізіледі. Осы мақсатта біздің облысқа 10 млрд 600 миллион теңге қарастырылды. Бұған қоса жанар-жағар майды тасып алу жағынан іркіліс бар. Өңірге 71 мың тонна дизельдік отын бөлінгенін білесіздер. Әзірге оның 48 мыңы ғана жеткізілді. Жанар-жағар майды сатып алу жөнінен Арқалық қаласы, Науырзым, Амангелді, Қарабалық, Таран аудандарының көрсеткіштері төмен. Аталған аудандар дәл уақытында сатып алмаса, кейін баға өсіп кетуі мүмкін. Осыны да ескеріңіздер», - деді Архимед Мұхамбетов аппарат мәжілісінде.

Айта кетейік, биыл облыс бойынша майлы дақылдарды өсіруді 26,5% арттыру көзделген. Сол себепті, егіс алқаптарын әртараптандыру процесі жалғасады. 2017 жылы бидай алқаптарының көлемі 2,8% қысқарып, майлы дақылдардың егістік көлемі 30,5% артқан. Сондықтан да былтыр ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім 3,5% өсті. Мұндай үрдіс ағымдағы жылы да жалғасатын болады. Бидай алқаптарын 5,9% қысқартып, есесіне майлы дақылдар өсіру үшін алқап көлемі ұлғаймақ.

Соңғы жаңалықтар