Архимед Мұхамбетов: Астықты тиімді сатудың жолдарын қарастыру керек

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында астық науқаны аяқталып қалды. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен өткен кеңейтілген мәжілісте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде қажетті астық көлемі қамбаға құйылды.

«Екі күннен соң егіс жинау кампаниясы жабылады. Маған берілген мәлімет бойынша, енді 10 мың гектар бидай және 80 мың гектар майлы дақылдар жинау қажет. Астық көлемі биыл аз болғанымен, сату бағасы өсті. Сондықтан бидайды тиімді сатудың жолдарын қарастырыңыздар", - деді Архимед Мұхамбетов.

Биыл астықтың орташа шығымы гектарына 11,3 центнерден айналды. Егіс алқабының 89 пайызына жоғары сұрыпты тұқымдар себілген. Айта кетейік, диқандар алдын-ала белгіленген жоспардан сәл кешеуілдеді. Былтыр осы кезеңде 5,2 млн гектардың егіні орылып, бастырылған болатын.

Егіс науқанына байланысты өңірге 71 мың тонна дизельдік отын жеткізілді. Дала жұмыстарына барлығы 23 мыңға тарта трактор, 9,6 мың комбайн, 840 егін себетін кешенді техника, 1 мың бүріккіш, 22 мың тұқым сепкіш техникалар жұмылдырылды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші 14 млн 861,7 мың гектар немесе  өңірлердегі жалпы астық алқаптарының 98,7%-ында астық орылып, бастырылды.

 

Соңғы жаңалықтар