Арғы аталарыңды ұмытпа: ШҚО-да «Ататек» жобасы қолға алынды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – «Жеті атасын білмеген – жетесіз» дейді қазақ. Алайда, бүгінгі ұрпақ бұл сөздің астарына қаншалықты мән береді? Шынын айтқанда, жеті атасын білмейтін оқушылар аз деуге келмес. Осы олқылықтың орнын толықтыру үшін Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Ататек» жобасы бастау алған. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне жоба жетекшісі Бақытжан Торғаев айтып берді.

«Былтыр күзде кітапханада «Жеті атаңды жатқа біл» атты айлық өткен болатын. Соның аясында түрлі шаралар ұйымдастырылып, жеті атасын мүдірмей айтқан балаларға сыйлықтар табыстадық. Сол кезде оқушылардың жеті атасын білуге деген қызығушылығы, ынтасы байқалды. Сөйтіп, кітапхана директоры Хабиба Ақжігітованың қолдауымен «Ататек» жобасы қолға алынды», - дейді Бақытжан Торғаев.

Оның айтуынша, Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада шежіре төңірегіндегі, рулардың тарихы жайлы өңір жазушылары мен тарихшыларының кітаптары баршылық.

«Ең негізгі бағытымыз – балалардың арғы тегін, шежіресін өз ізденісімен табуына мүмкіндік жасау. Оларға жолын көрсетіп, бағыт беріп, қажетті материалдарды, шежіре кітаптарды тауып береміз. Интернеттегі түрлі ресурстарды да пайдаланамыз. Керек кезде тарихшыларға, шежірешілерге, ақын-жазушыларға, әр жердің көнекөз қарттарына хабарласып та жатамыз. Жеті атасын білгісі келетін оқушылар мен студенттерге есігіміз әркез ашық», - дейді жоба жетекшісі.

Кітапханаға келіп, арғы аталарын тауып жатқандар сыныптастарына, группаластарына айтады. Олар да осындай мүмкіндіктен қалыс қалғысы келмей, руханият ошағына бас сұғады.

«Әр қазақ баласы ес біліп жетілгеннен кейін жеті атасын білуі тиіс. Оған әке-шешесі, аталары, туған-туыстары айтып, арғы тегін санасына сіңіруі қажет. Бірақ өкінішке қарай, өткен ғасырда еліміз егемендіктен айырылғаннан кейін тарихымыз бұрмаланып, шежіреміз ұмытылды. Тәуелсіздіктің ақ таңы қайта атқанда өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Бүгінгі ұрпақ арғы аталарының кім болғанын біле бастады. Қазақ халқында «Жеті атасын білген ер жеті жұрттың қамын жер» деген сөз бар. Расымен де, жеті атаны білу – адамдардың туыстық, бір-біріне жанашырлық, бауырмалдық сезімдерін оятады. Десе де, қазір көп жағдайда 1-2 атадан тарайтындар ғана туыс болып араласады. Сонда бірнеше атадан соң олардың ұрпақтары бірін-бірі танымай кетеді. Бұл әсте дұрыс емес», - дейді Бақытжан Торғаев.

Жеті атаны білудегі ең негізгісі – қан алмасу мәселесі, яғни жеті атадан асырмай қыз алысып, қыз беріспеу.

«Адам қаны жеті атаға дейін қатты ұқсас болатындығы медициналық тұрғыда дәлелденген. Егер жеті атаға дейін туыс болып келетін екі жас үйленсе, онда олардан дұрыс ұрпақ өрбімейді. Жеті ата дегеніміз – ең азы. Негізі бағзы заманда қазақтар балаларына 10-12 атадан кейін ғана үйленіп, тұрмыс құруына рұқсат берген. Осыдан-ақ халқымыздың отбасылық институтының қаншалықты дамығанын көруге болады. Дені сау, ауру-сырқаудан ада ұрпақ дүниеге келсін деген. Себебі, бүгін құндақтағы сәби, ертең елінің қорғанына айналады. Дәл мұндай үрдіс басқа ұлттарда жоқ», - дейді ол.

Дегенмен, бұл үрдісті сақтап қалу оңай шаруа емес. Өйткені, көне деректердің көбі Кеңес үкіметі кезінде жоғалып, қазақ руларының тарихы мен шежіресі әлі күнге дейін толық зерттелмей келеді.

«Әрине, барша қазақтың жеті атасын түгел тауып беру мүмкін емес. Арғы аталарды табу оңай болғанмен, бергісін білу қиынға соғады. Бірақ, бізге келгендерге шама-шарқымыз келгенше көмектесіп жатырмыз. Көбі өз аталары жайлы білгенде қатты қуанып, таңданысын жасыра алмайды. Кей балалармен әлі күнге дейін ізденіс үстіндеміз. Ең бастысы, жігерін құм қылмай, тоқтап қалмай арықарай әрекет ету. «Әрекет түбі – берекет» деп текке айтылмаған. Осы жобаның арқасында балалардың ізденімпаздық қабілеті де артады», - дейді Бақытжан Торғаев.

Оның айтуынша, жеті атасын білу үшін руханият ошағының табалдырығын аттап жатқан жастар саны күн сайын көбейіп келеді. Тек балалар емес, ересектер де келеді екен. Ең егдесі – 70 жастағы қарт болыпты.

Еске салсақ, бұған дейін шпагатқа отырған сексеннің сеңгірінен асқан әже туралы жазған болатынбыз. Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында тұратын ол Кеңес заманында колхозда еңбек етіп, трактор сынды техниканың түр-түрін айдаған. Жетпіс жасына дейін ешкімнің көмегін күтпей дүкеннен 25 келі қантты немесе ұнды үйге өзі көтеріп әкеліп жүріпті.
Соңғы жаңалықтар