Аргентинада инфляция соңғы 30 жылда алғаш рет 100% асып түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аргентина статистика қызметінің мәліметінше, ақпан айында елдегі инфляция деңгейі 102,5%-ға жетті. Бұл туралы ҚазАқпарат ВВС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы бір жылда елдегі баға екі еседен астам өсті. Бұл - 1990 жылдар басындағы гиперинфляциядан кейін бірінші рет болған жағдай.
Аргентина ұзақ жылдар бойы экономикалық қиындықтарды бастан кешіріп келеді және мұндағы халықтың көпшілігі кедейшілікте өмір сүріп жатыр.
Ел үкіметі азық-түлік пен басқа да тауарлар бағасын шектеу арқылы инфляцияны ұстауға тырысуда.
Оған қарамастан азық-түлік пен алкогольдің бағасы айтарлықтай көтерілді. Биылғы ақпан айында ғана қаңтар айымен салыстырғанда өсім 9,8%-ды құраған.
Аргентиналық БАҚ бағаның күрт көтерілуіне басты себеп - ет бағасы деп шамалап отыр.
Бір айдың ішінде ол 20%-ға қымбаттаған.
«Күн райының қолайсыздығы, ұзаққа созылған аптап ыстық пен құрғақшылық (қазір Аргентинада күздің басы) мал саны мен егінге айтарлықтай әсер етті» деп хабарлайды жергілікті Ambito ақпарат агенттігі.
Қазір Аргентинада 1000 песо - ең ірі ақша белгісі.
Аргентина үкіметінің инфляцияны тежеу әрекетіне ел басшылығындағы қайшылықтар кедергі келтіріп отыр.