Арендалық баспана құрылысына қыруар қаржы бөлінеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетте арендалық тұрғын үйлерге қыруар қаражат қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұловтың айтуынша, алдағы үш жылда «Нұрлы жер» бағдарламасына 231,4 млрд теңге бөлінеді деген жоспар бар. Соның ішінде арендалық баспана құрылысына 25 млрд теңге қарастырылған. Аталған қаржы жергілікті әкімдіктерге бөлінеді. Олар арендалық тұрғын үйге тапсырыс беріп, осы санаттағы баспананы құрылыс компанияларының көмегімен салады. Барлық арендалық пәтерлер әкімдік кезегінде тұрған азаматтарға таратылады. Арендалық баспана ұзақ мерзімге жалға беріледі. Оны жеке меншікке аударуға рұқсат жоқ.

«Жалпы, бюджетте қарастырылған қаражатқа 170,8 мың шаршы метр (бір пәтердің ауданы 50 шаршы метр болса, ол шамамен 3 400 пәтер - авт.) арендалық тұрғын үйді пайдалануға беруге болады. Бұдан бөлек, тұрғын үйлерге инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту жұмыстары жалғасатын болады. Оған 75,3 млрд теңге бөлінеді. Осы ақшаға шамамен 922 шақырым су, жылу, газ және электр желілері тартылады деген жоспар бар», - деді Б.Шолпанқұлов бүгін Парламент Мәжілісінде. 

Оның сөзіне қарағанда, келесі жылдан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі алдын ала және аралық ипотеканы төмен ставкамен беруді бастайды. 

Айта кетейік, Б.Шолпанқұлов депутаттарға 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетті таныстырды. Оған сәйкес, келесі жылы зейнетақының орташа мөлшері көтеріледі.

Ал ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов депутаттарға 2019-2023 жылдарға арналған экономикалық даму болжамын да таныстырды.

«2019 жылы мұнай бағасының бір баррелі 66,7 АҚШ долларын құрайды деген болжам бар. Осыны ескере отырып, базалық сценарийде мұнайдың бағасы 60 АҚШ доллары деңгейінде алынды. 2019 жылы жалпы ішкі өнім 3,9 процент деңгейінде, ал 2023 жылы 4,6 процентке дейін өседі. Аталған кезеңде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсу қарқыны 4,2 процент болады деген болжам бар», - дейді Т.Сүлейменов.

Оның айтуынша, келесі жылы номиналды жалпы ішкі өнім 64,1 трлн теңге болса, 2023 жылға дейін аталған көрсеткіш 86,9 трлн теңгеге дейін өседі. Осылайша, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 9,9 мың АҚШ долларынан 12 мың долларға дейін ұлғаяды. 

 

Соңғы жаңалықтар