Ардагерлер туралы заң азаматтар мәртебесі тұрғысында оңтайлы нәтиже береді - Майра Айсина

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ардагерлер туралы» Заңның қабылдануы ардагерлер мәртебесі тұрғысында оңтайлы нәтиже береді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осыған дейінгі шақырылымның депутаттары бұл заң жобасына кезінде бастамашылық жасаған. Бірақ, дағдарыс кезеңінде қаржы тапшылығына байланысты өтпеді. Сондықтан биыл «Ардагерлер туралы» Заң талқыланып, қабылданғанына өз басым өте қуаныштымын. Себебі, соғыс ардагерлерінің және басқа да азаматтардың мәртебесін көтеру керек. Сондықтан бұл бағыттағы қадамдарды оң бағалаймын», - деді Майра Айсина.

Осы орайда ол әлеуметтік көмектің заңнама аясындағы тәртібі нақталынғанын атап өтті.

Депутаттың атап өтуінше, Үкіметпен бірлесе жүргізілген талқылаулардан кейін, тиісті нәтижеге қол жеткізілді. Сонымен қатар, бұл бағытта заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасын табатын болады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 30 сәуір күні Парламент Сенатының жалпы отырысында «Ардагерлер туралы» Заңы қабылданды.

Заң жобасының негізгі мақсаты – ардагерлерді әлеуметтік қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерді жүйелеу, қайта қарау және ардагерлердің жаңа санаттарын қалыптастыру.

Сонымен қатар, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Оны әзірлеу қажеттілігі бірқатар заңнамалық актілерді «Ардагерлер туралы» заң жобасына сәйкес келтірумен байланысты. Негізгі жаңа өзгерістер әлеуметтік төлемдерге қатысты болып отыр.


Соңғы жаңалықтар