«Ардагерлер әрқашан құрметке лайық!» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Мамырдың 8-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда мамырдың 8-і, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Бүгін Мамырдың 8-і, сенбі күні жарық көрген республикалық басылымдардың барлығы да Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған.

***

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Жеңістің 65 жылдығы құрметіне орай «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоғын қойды. Бұл турасында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде жарық көрген «Мәңгілік алау. Өшпес даңқ!» атты мақалада кеңінен тарқатыла жазылған. Басылымның баяндауынша, гүл шоғын қою рәсімінен кейін жиналған қауым бейбітшілік пен өз елінің ертеңі үшін кеудесін от пен оққа тосып, сұрапыл соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді бір минөт үнсіздікпен еске алды. Одан соң еліміздің мемлекеттік Әнұраны ойналды. Салтанатты шара Республикалық ұлан сарбаздарының ел Президенті - Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында салтанатты шеру жасап өтуімен әрі қарай жалғасты.

«Кеше Ақордада Президент Нұрсұлтан Назарбаев Отан қорғаушылар күніне орай бірқатар соғыс ардагерлерін және әлеует құрылымдарының қызметкерлерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттады. Әскери погондарды табыс ету рәсімі резиденцияның «Алтын залында», мемлекеттік наградаларды табыс ету рәсімі «Мәрмәр залында» өтті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Мақалада Елбасының «біз сіздерді Ұлы Отан соғысының 70, 75 жылдықтарында да көргіміз келеді. Сұрапыл соғыста 500-ден астам азаматымыз Кеңес Одағының Батыры атанды. Жауды жұмылып, бірлігімізбен жеңдік. Қанқұйлы соғыс жылдарында қазіргі Қазақстан халқының мызғымас бірлігі қалыптасты. Аласапыран заманда тағдыр тоғыстырған ұлт өкілдерін қазақ жері бір отбасының баласындай бауырына басты. Біз ел басына түскен зұлмат жылдардың зілдей салмағын жан жүрегімізбен сезініп, бөлістік. Сондықтан біз адамзат баласына орны толмас қайғы-қасірет әкелген сұм соғыстың жер бетінде енді қайталанбауын тілейміз», деген сөзі келтірілген.

***

Келесі бір қызықты мақала «Алаш айнасы» газетінде «Майдандық бухгалтерия» деген тақырыппен беріліпті. Онда Кеңес армиясы жауынгерлерінің, офицерлерінің соғыс барысындағы айлық жалақылары, сыйақылары төңірегінде тереңірек жазылған. Мәселен, басылымның жазуынша, атып түсірілген жау ұшағына - 1000 сом, сәтті бомбалауға - 1500 сомнан жоғары, жау аэродромдарын талқандағаны үшін 5000 сомға дейін сыйақы тағайындалыпты. Сонымен қатар күндізгі және түндегі соғыс қимылдарының өз тарифі болған, ал Берлиннің орталығын бомбалағандарға сыйақы төрт есе артық төленген.

«Алаш айнасы» газетінің «Дат!» айдарында Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әзілхан Нұршайықовпен арадағы сұхбат «Сұрапыл соғыста қазақ жауынгерлерінің ерен ерліктері еленбей қалды» деген тақырыппен берілген. Екеуара әңгіменің толық нұсқасын басылымның сенбілік нөмірінен егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

***

«Кеше Алматы және Сарыарқа аудандарының әкімдері Сапар Ахметов пен Сәбила Мұстафина аудан аумағындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне пәтер кілтін тапсырды», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылымның атап өтуінше, қоныс тойын тойлаған ардагерлердің бірі милиция үздігі атанған Темірғали Әділбеков, ал екіншісі ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында жемісті еңбек еткен Мұқан Балапанов болды.

***

Кеше «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Алматы қалалық филиалы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қабылдады. Бұл жайында «Айқын» газетінің сенбілік нөмірінде жарық көрген «Ардагерлер әрқашан құрметке лайық!» деген мақалада кеңінен баяндалған. «Дәл қазіргі күні Алматы қаласында 2360 соғыс ардагері мен тыл «жауынгерлері» өмір сүруде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен осыдан екі жыл бұрын құрылған Алматыдағы Алатау ауданында және осындағы Өжет ауылында соғыс ардагерлерін мәңгі ұлықтау мақсатында қос ескерткіш бой көтеріп, жеңіске қол жеткізген қарт жауынгерлер жас ұрпаққа тағлымды естеліктер айтып, өз ойларын бөліскен-ді. Бұған қоса, Алатау ауданындағы жаңадан салынған жайлы үйден оннан астам соғыс ардагері пәтер алып, қуанышқа бөленді», деп жазады басылым.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әзілхан Нұршайықов. Сұхбат барысында басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұшымды жауап берген ол «Алдағы арман-ойым: қазақ халқы ұлт санатында мәңгі сақталып қалса екен деймін. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргесі мызғамас, берік болса екен деймін. Халқымыз төрт апаттан: өрттен, су тасқынынан, соғыстан, зілзала қаупінен аман болса екен деп тілеймін. Бұған қоса, кеңбайтақ қазақ елін өзінің сындарлы саясатымен дүниежүзінің төрт бұрышына түгел мойындата білген ұлтымыздың салиқалы һәм ерік-жігері мол көшбастаушысы, ғаламдық деңгейдегі тамаша саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды бауырыма қажымас қайрат, зор денсаулық берсін деймін. Көпұлтты еліміздің беделі биік, мәртебесі жоғары болсын! Бұл - менің ең басты тілегім, үлкен арманым! Ал кіші арманым, басылым бетін көрмеген дүниелерімді көзім тірісінде компьютерге бастырып кетсем деп армандаймын», депті

***

«Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қар­са­ңында Қазақстан Республика­сы­ның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Зау­ыт­бек Тұрысбеков Мәскеуде тұра­тын қазақстандық соғыс ардагер­ле­рімен кездесті» деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Елші Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың атынан мейман­дарды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, барлық қатысушыларға ризашылық және құрмет сөздерін айтқан. Осы ретте ол қазақстан­дық­тардың ортақ Жеңіске қосқан үле­сін ерекше атап көрсеткен.

Сондай-ақ Қазақстанның Ресейдегі елші­лі­гі «ҚазМұнайГаз» Ұлт­тық компаниясының ықпалымен «Жеңіс мұрагерлері» шарасы шең­берінде Астана мен Мәскеу қала­ла­ры арасында телекөпір ұйымдас­тырды. Мұнда қазақстандық және ресейлік ардагерлер арада 65 жыл өткен соң бір-бірімен жүздесуге мүмкіндік алды.

Соңғы жаңалықтар