ArcelorMittal компаниясының жұмысын бағалауға халықаралық сарапшылар тартылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ArcelorMittal компаниясының вице-президенті Виджай Гоялмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) кәсіпорнындағы қауіпсіздік жағдайына аса алаңдаушылық білдірді.

Өз кезегінде Виджей Гоял адам өліміне әкелген қайғылы жағдайларға байланысты көңіл айтып, жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі АМТ-нің жауапкершілігін мойындады. Ол ArcelorMittal компаниясы өндірістік қауіпсіздікті күшейту жұмыстарын жалғастыратынын растады және компанияның қайтыс болған жұмысшыларының отбасыларына толық қолдау көрсететіне уәде берді.

Сонымен қатар Виджай Гоял АМТ басшылығы Бас прокуратура жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен АМТ арасында меморандумға қол қойылды, оған сәйкес қазақстандық тарап компанияның жұмысын бағалау үшін халықаралық сарапшыларды тартатын болады.

Бұл ретте АМТ бағалау жүргізу кезінде өндіріс көлемін, кәсіпорындағы жұмыспен қамту және жалақы деңгейін сақтауға міндетті болады.


Фото: t.me/KZgovernment


Соңғы жаңалықтар