Әрбір сегізінші қазақстандық волонтерлік қызметке қатысқан - сарапшы
2022 жылғы 17 тамыз 13:30

Әрбір сегізінші қазақстандық волонтерлік қызметке қатысқан - сарапшы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда волонтерлікті дамытуды мемлекеттік қолдау стандартын енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы республикалық волонтерлер фронт-офис жобасының жетекшісі, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, бастамалардың 80%-дан астамы тіркелмеген волонтерлік ұйымдардан келеді. Ал, 2020 жылы – волонтерлер жылы аясында 200 мыңнан астам ерікті тартылған. Статистикаға сәйкес, 2021 жылы 160 мың адам волонтерлікпен айналысқан.

«2020 жылы құрылған республикалық фронт-офис статистикамен ғана емес, тұрақты ресурстық, білім беру және ақпараттық қолдаумен де айналысады. Бұл аралықта қандай жетістікке жеттік? Волонтерлік қызмет туралы заңға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, волонтерлікті дамытуды мемлекеттік қолдау стандарты жазылды. Жақын арада біз оны іске қосамыз және ол әрбір өңірдің ерекшелігін ескере отырып, стратегиялық құжат ретінде қолданылады деп үміттенеміз», - деді Т. Миронюк.

Сонымен бірге, Т. Миронюк қазір еріктілердің тұрақты негізде волонтерлік қызметпен айналыса бастағанын айтты.

«Тереңірек үңілсек, әрбір сегізінші қазақстандық қандай да бір волонтерлік қызметке қатысқан. Тек оларды қоғамда ерікті деп айтпайды. Тіркелмеген және өздерін еріктілер деп атамайтын көптеген ұйымдар бар, бірақ олар қоғамның игілігі үшін ерікті, ақысыз жұмыс істейді. Волонтерлікті қатты реттеу, әлемдік практика бойынша қандай да бір шектеу жасау мүмкін емес, қажет те емес. Волонтер – өзі үшін кез келген қызметті таңдауға және оған өз еркімен қатысуға құқығы бар адам», - деді Т. Миронюк.

Айта кетейік, Қазақстанда Орталық Азия волонтерлерінің алғашқы форумы өтіп жатыр.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT