Әрбір оныншы қазақстандық оқушы бағдарламалау тілін меңгерген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы уақытта елордадағы «Аlem» бағдарламалау мектебінде «Код сағаты» ашық сабағы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Код сағаты» акциясы – 180 мемлекетті қамтитын халықаралық шара. Қазақстанда бесінші жыл қатарынан өтуде. Ең алғашқы ашық сабаққа елімізден 75 мыңға жуық оқушы қатысса, өткен жылғы қатысушылар саны 355 мыңға жетті.

«Яғни, әрбір оныншы қазақстандық оқушы аталған шараға қатысып, бағдарламалау және ақпараттық технологиялар трендіне қатысты білімдерін толықтырды деп айтса болады. Қазір әлемдік деңгейдегі Microsoft, Google сияқты алпауыт компаниялар кішкентай балалар мен ересектерге дейін бағдарламалау тілін үйретуде. Күн сайын көптеген гаджет, смартфондарды пайдаланамыз. Оның бәрі бағдарламалау тілі және жасанды интеллектпен жасалып жатыр. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры да осындай бастаманы қолдау арқылы болашақта қажетті мамандарды қазірден дайындауға, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуда. Біз студент кезден бастап қана программист болу керек деген шектеуді жоқша шығарып отырмыз. Оқушы кезден бастап бағдарламалауды үйреніп, мобильдік қосымша жасап, тіпті табыс табуға болатынын көрсете аламыз», - дейді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлан.

Шараға 10-15 жас аралығындағы оқушылар қатысуда.

«Бұл ашық сабақ бесінші жыл ұйымдастырылып отыр. Дәл қазіргі уақытта шара Қазақстанның барлық аймағындағы ірі қалалар мен аудан, ауылдарда өтіп жатыр. Біз тапсырмаларды компьютер мен интернеті бар, компьютері - бар, ал интернеті - жоқ немесе компьютер базасы аз жағдайларды ескере отырып дайындаймыз. Мақсатымыз – балаларды бағдарламалауды қызықты түрде, ойын механикасы арқылы үйрету. Әдетте, мектепте бағдарламалауды үйренген кезде оқушылар үшін қызықты болмайды. Біз шын мәнінде олай емес екенін дәлелдеп, оқушыларды шабыттандырғымыз келеді. Осы жерде өтіп жатқан шараға жүзге жуық оқушы қатысуда», - дейді Қазақстандағы «Код сағаты» ашық сабағын ұйымдастырушы Алена Ткаченко.

Соңғы жаңалықтар