Әрбір он машинаның үшеуі жол жүру ережесін бұзады - депутат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде жол-көлік оқиғалары азаймай отыр. Осы өзекті мәселеге орай Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген еді.

- Ерсұлтан Өтеғұлұлы, осы соңғы жылдары жол-көлік апаттары көбейіп кеткен сияқты. Осы мәселеге тереңірек үңіліп, қоғам болып ойланып-толғанып, жол апаттарының алдын алу шараларын қарастырғанымыз жөн-ау дейміз. Бұл ретте сіздің қандай ой-пікірлеріңіз бар?

- Жалпы, еліміздің әр өңірінде орын алып жатқан жол-көлік оқиғалары, түрлі деңгейдегі апаттар азаматтарымыздың өмірін қиып кетіп жатқаны өте өкінішті жайт. Бұл ағайын-туысы қайтыс болған әрбір азамат үшін ауыр қайғы. Үлкен апаттар болған жағдайда, бүкіл халық болып қайғырып, оларға көңіл айтып, қайғыларына ортақтасатыны анық. Осы орайда біз де отбасы мүшелерінен, арыстай азаматтары мен аяулы аналарынан, тіпті кейде кішкентай балаларынан айырылып қалған отандастарымызға көңіл айтамыз.

Жол апаттарының алдын алуға қатысты мәселе жиі-жиі көтеріліп келеді. Парламент қабырғасында да алқалы жиындардың күн тәртібінде қаралған болатын. Бұған дейін Премьер-министрге және сол саламен тікелей айналысатын құзырлы органдардың басшыларына бірнеше мәрте депутаттық сауалдар да жолданды, отырыстарда сұрақтар да қойылып жүр. Жол апатынан қайтыс болғандардың саны жыл сайын азаймай тұрғаны, ал одан зардап шегіп, әртүрлі жарақат алып, дені сау азаматтардың мүгедек болып қалғандарының қатары тіптен көп екендігі жасырын емес. Мысалы, жол апаттарынан күніне он шақты адам көз жұмады, жылына үш мыңға жуық адам қайтыс болады. Ал он мыңдай адам жарақат алып, кейін соның зардабын шегеді. Күні кеше шауып жүрген азаматтардың арбаға таңылғандары қаншама?

Жақында ғана Жамбыл облысының Қордай ауданында ірі жол апаты орын алды. 11 адам көз жұмды. Оқиғаның себеп-салдарын құқық қорғау органдары сараптама жасап, тексеріп, қорытындысын шығаратын болар. Бірақ осы жағдай бұл мәселеге терең мән беруді талап етеді. Автобус жүргізушілерінің, әсіресе, қалааралық автобустар жүргізушілерінің жауапкершілігін көтеру керек. Менің ойымша, қалааралық маршруттарда жүрген автобус жүргізушілерінің бәрін аттестациядан өткізу қажет. Өйткені жол-көлік оқиғалары солардың тарапынан да болып жатқаны анық. Әдетте қалааралық автобустардың екі жүргізушісі болады. Ал кейбір жағдайларда үлкен жолға шыққан соң, үшінші жүргізуші де пайда болады екен. Мұндай оқиғалардың орын алғанын жолаушылар айтып отыр. Бұл жерде негізгі жүргізушілер өздері демалу үшін автобусқа ешқандай қатысы жоқ жас жүргізушілерді отырғызып, рөлді соларға беріп қоятын жағдайдардың болатынын көрген жолаушылар бар. Бүгінде адам тасымалымен заңсыз айналысатын автобус жүргізушілері де бар екені анықталып отыр.

- Осындай қайғылы оқиғаға әкеліп тірейтін жағдайдың түп-төркіні қайда жатыр деп ойлайсыз?

- Жол апаттары азаймай тұрғанының бірнеше себебі бар. Соның басты себебінің бірі - жүргізушілерге куәлік берудегі тәртіпсіздік пен жүйесіздік. Куәлік беру тәртібін жеңілдетеміз, оңтайландырамыз деп бұл саланы еркіне жіберіп қойғанбыз. Қазір жүргізуші куәлігін алғысы келген екінің бірі оны оңай ала салады. Ал осы тұста дамыған шетелдерде бұл мәселе қалай жолға қойылған деп назар аударатын болсақ, Еуропа елдерінде, басқа да құрлықтағы мемлекеттерде жүргізуші куәлігін беру құқығы нарыққа икемделген. Бірақ жүргізушіні дайындайтын оқу орталықтарының лицензия алу процесі өте қиын. Егер сол орталықтан тәлім алып, жүргізуші куәлігіне ие болған адам бір жерде жол апатын жасауға себепкер болса, құзырлы органдар жан-жақты жұмыстар жүргізеді, ақыр аяғы келіп оқытқан, көлік жүргізуге үйреткен орынды келіп тексереді. Қалай оқытқанына, ол адамға жүргізуші куәлігінің қалай берілгеніне дейін түгел сараланып, соған қатысты да шешім шығарылады. Өркендеген елдерде жүргізуші куәлігін алу өте қиын. Айталық, ТМД елдерінен Еуропаға қоныс аударған, бұрын бізде бірнеше жыл көлік жүргізген тәжірибесі бар азаматардың өздері алты айға дейін, тіпті бір жылға дейін куәлік ала алмай жүргенін айтқан еді.

Сондықтан біздің ел де әлемдік, халықаралық тәжірибеге мән беріп, ең озық үлгілерін алуы керек деп есептеймін. Жол жүру ережесін түбегейлі өзгертіп, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру қажет.

Жүргізушіге куәлік беру процесін қатаңдатуымыз керек. Мәселен, қазір өзіңіз жолаушы немесе жүргізуші ретінде жолда не қаланың көшесінде келе жатсаңыз, әрбір он машинаның кем дегенде үшеуі жол жүру ережесін бұзғанына куә боласыз. Авариялық жағдай жасайтындарда есеп жоқ. Тәртіп бұзғандардың біліктілігін қайтадан тексеруден өткізсе, солардың біразы сынақтан өте алмайтыны айқын жайт. Өйткені жол жүру тәртібін білмейді. Бұл мәселе автобус жүргізушілеріне де қатысты. Жуырда Алматыда алғаш рет тексеру жүргізіліп, 1000 қоғамдық көлік жүргізушісі жол жүру ережесі бойынша тест сұрақтарынан өте алмағандығы туралы отандық бұқаралық ақпарат құралдары жазып, дабыл қаққан болатын.

Келесі бір мәселе - жолдардың ерекшелігі. Соңғы жылдары жаңа автобандар салынып жатыр. Бізге бұрынғы жүйемен, баяғыда алған біліммен жүре беруге болмайды. Жүргізушілеріміз куәлікті әр түрлі жағдаймен алған. Тыңғылықты оқып, қатал сынақтан өтіп барып алған жүргізушілер өте аз. Сондықтан жеңіл машинаға оңай отыра қалып, тек жылдамдықты күшейтуді білетін біздің жүргізушілеріміз көліктер жоғары жылдамдықта қозғалатын автобандарда тәртіп сақтап жүре алатындай қабілетке ие емес. Жол ережесін бұрынғыша түсінеді. Мысалы, «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» халықаралық автожолы Еуропадағы автобандармен тепе-тең. Соған қарамай, кейбіреулер «Мынау кең жол екен» деп астындағы 200-300 аттың күші бар көлігімен бар жылдамдыққа басады. Ал бірақ халықаралық деңгейдегі жол ережесін сақтамайды. Сол себепті көп апат осындай жайттардан келіп туындайды.

Сондай-ақ автобандардағы жол айрығы мен жол қиылыстары да қауіпті жердің бірі. Ал Еуропадағы автобандарда ешқандай жол қиылыстары болмайды. Біздің жолдарда бұрылыстар, қиылыстар өте көп. Қарсы келе жатқан көлікті алыстан көру мүмкіндігін азайтатын жерлерде де апаттар жиі орын алады. Жол ережесін сақтамайтындар қатты жылдамдықпен келе жатып, сондай жерлерде өзі де апатқа ұшырайды, ешқандай жазығы жоқ жандардың да өмірін қиып кетеді.

- Тағы қандай мәселелерге тоқталар едіңіз?

- Біздің қоғамдағы мән беретін жайттың бірі - жүргізушілердің мәдениеті. Өркениетті елдердің қатарына қосыламыз десек, дөрекі әрекеттерден арылғанымыз жөн. Бізде осы жағы ақсап тұр. Адамдардың бір-бірін сыйлау жағы жетіспейді. Ондай жағдайлардың болып жатқанын ғаламтордан да көруге болады. Жүргізушілердің бір-біріне жол бермеуі, «жолымды кесіп кеттің» деп балағаттауы, жұдырық ала жүгіруі - мәдениеттің төмендігін көрсетеді. Бұл ұлтымызды жағымсыз етіп көрсететін әрекет, елдігімізге сын болмақ. Сондықтан бірінші кезекте жүргізушінің кәсіби біліктілігі жоғары болуы тиіс десек, екіншіден, оның бойында мәдениет, адами қасиет мол болуы қажет!

Соңғы жылдары үлкен қалалардың арасында қатынайтын автобустар жүргізушіге де, жолаушыларға да тиімді деген оймен түнде жүруді дәстүрге айналдырды. Алайда, мұның қауіптілігі екі есе жоғары. Әсіресе, алыс жолға шыққан автобус жүргізушілерінің сапарға шығар алдында қаншалықты демалғанын жолдарда ашық тексеретін бекеттер болуы керек шығар. Ондай бекеттерде тексеруші тарапынан да, жүргізуші тарапынан да сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуі үшін бейнебақылау камералары орнатылуы тиіс.

Қазіргі кезде көліктерге GPS жүйесін орнату ісі қолға алынды. Ірі мұнай және құрылыс компаниялары өздерінің жүк машиналарына осындай жүйе орнатып қояды. Автобустар да GPS жүйесімен қамтамасыз етілуде. Сонда полиция немесе көлікті жіберген мекеме автобустың қай жерде қалай қозғалғанын, қандай жылдамдықпен бара жатқанын, қателікке бой алдырғанын немесе бір оқиғаға тап болғанын үлкен монитордан көріп отырады. Бұл денсаулығы нашарласа, жүргізушіге дер кезінде көмек көрсету жағынан да тиімді. Қазір GPS жүйесін орнатуға және көлікті үнемі бақылауда ұстауға мүмкіндік бар. Осындай жүйе бар, бірақ кейбір мекемелер оны орнатуға келгенде немқұрайлы болып отырған сияқты немесе қаржы үнемдейтін шығар.

Айталық, кейбір автобус, такси жүргізушілері Тараздан не Шымкенттен Алматыға келеді де, жолаушыларды отырғызып алып, демалыссыз кері қарай қайта жолға шығады. Міне, соған сеніп жолға шыққан жолаушылар үшін де, құқық қорғау органдары үшін де оның қаншалықты демалғаны-демалмағаны белгісіз. Сондықтан түнде жүретін жүк көліктері де, жеңіл автобкөліктер де, автобустар да бақылауға алынғаны жөн. Сонда жол апаттарының саны азая түсетіні анық.

Жалпы, түнде адамның көру мүмкіндігі азаятыны шындық, біз оған мән бермей жүрміз. Түнде адамның көзі байланады деген ұғым бар. Түнде жол екі есе ұзарады дейді халқымыз. Бұл жерде, әрине, баратын ауылға дейінгі арақашықтық өзгермейді, түннің қиындықтарын ескеріп, жолдың оңай еместігін меңзеп айтқан ғой.

«Әр қазақ - менің жалғызым» дегендей, біз үшін әрбір азаматтың тағдыры қымбат. Адам - еліміздің басты құндылығы және негізгі капиталы екені даусыз. Ал бейбіт күнде азаматтарымыз жол апатына ұшырап, өмірден озып жатқаны - трагедия. Мысалы, бірге жүрген адамдардың қай-қайсынан сұрасаңыз да, олардың жақын туысы не бауыры, досы, сыныптасы, жерлесі жол апатынан қаза тапқанын айтатыны анық. Белгілі азаматтар да осы жол апатынан мерт болды. Тыныш заманда солардың о дүниелік болып жатқандары өзегіңді өртейді. Бұл жайттарға қайғырамыз. Дегенмен қайғылы оқиғалардан сабақ алып, соның алдын алу үшін нақты іс-шаралар жасауымыз керек.

Соңғы жаңалықтар