Әрбір клиника ауыр жағдайдағы науқастарды шұғыл қабылдауы тиіс - министрлік

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева әрбір ауруханада жедел жәрдемді дамыту қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Неліктен Денис Тенді жақында орналасқан ауруханаға жеткізбеді?» деген сұрақтар туындауда... Жақында тұрған аурухана осы жағдайдағы науқастарды қабылдауға дайын болмады. Сондықтан әрбір клиникада жедел жәрдемді дамыту керек. Сонымен қатар қалалар картасын айқындап, жедел жәрдемнің жету уақытын барынша азайтып, ауыр жағдайдағы науқастарды шұғыл түрде қабылдауда клиникалардың даярлығын қамтамасыз ету қажет», - деді вице-министр Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінде.

Бұдан бұрын ол ауыр жарақат алған Денис Тен неліктен Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілгенін түсіндірді.

Айта кетейік, белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен пышақтан алған жарақатымен ауруханаға 19 шілде күні түс кезінде жеткізілді.

Алматы қалалық ІІД-нің мәліметтері бойынша, белгісіз біреулер спортшының көлігінің айнасын ұрламақ болған.

Оқиғаның үстінен түскен спортшыны ұрылар жамбасынан жарақаттаған. Спортшы 3 литр қан жоғалтқан.

Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалады. Кешірек ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Ернар Әкімқұлов спортшының қаза болғандығын жариялады.

Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігі Денис Теннің өліміне күдіктілердің бірінің ұсталғанын жария етті.

Сондай-ақ прокуратура өкілдері ұсталған күдіктінің қылмыс жасағанын мойындағанын жариялады.

Соңғы жаңалықтар