Әрбір кәсіпкер аймақтың дамуына белсенді қатысуы керек- депутат

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Шілденің 9-ынан бастап ҚР Парламент Мәжілісінің депуттары ауылды аралап, халықпен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі орындалуын бақылауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысында Парламент Мәжілісінің депутаттары Зәуреш Аманжолова, Жанат Омарбекова, Гүлнара Бижанова және Кәрібай Мұсырман жүр. Олар Мағжан Жұмабаев ауданындағы ісі өрге басқан шаруашылықтардың бірі - «Ноғайбай» ЖШС-нде болды. Серіктестік дәнді, майлы және азықтық дақылдарды өсірумен айналысады. Жалпы егіс алқабы - 12 мың га астам. Шаруашылықта 34 адам еңбек етеді, орташа еңбекақылары 105 мың теңге.

ЖШС директоры Алтынбек Сапаров Ноғайбай ауылының гүлденуіне елеулі үлес қосып келеді. Кәсіпкер ауылында саябақ ашып, жастарға футбол және баскетбол, сондай-ақ жаттығу алаңдарын салып берген. Демалыс орталығы мен кітапхана жұмыс істейді.

Ауылда адамның жақсы тұрмысына керектің бәрі бар. Былтыр фельдшерлік пункт ашылды. Әр үйге су кіргізілген. Жол бар, жыл сайын жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр. Бұдан басқа кәсіпкер қайырымдылықпен белсенді айналысады. Былтыр меценаттықты дамытуға қосқан үлесі арқасында Алтынбек Сапаров «Жомарт жүрек» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.

«Бүгін міне Ноғайбай ауылындамыз. Бұл бұрын кеңшардың бөлімшесі болған шағын ауыл еді. Осы елдің азаматы Алтынбек Сапаров шаруашылығын ғана дамытып қоймай, өз ауылының көркеюіне де зор үлес қосып жатыр. Алтынбек сияқты азаматтардың ісі басқаларға үлгі. Олай болса ауылдар тозбайды, сақталады, өсіп өркендейді. Соғын менің көзім жетіп отыр», - деді Кәрібай Мұсырман.

Биыл бұл ауылға оңтүстіктен 3 отбасы көшіп келеді деген жоспар бар. Оларға келе салысымен жаңа тұрғын үй берілмек. Ноғайбайға оңтүстіктен қоныс аударған отбасылардың саны оннан асады. Кәсіпкер ауылға көшіп келгендерге бар жағдайды жасап, серіктестікке жұмысқа алады. Басты мақсат ауылды дамыту, көркейту, экономикалық әлеуетін арттыру.

«Әрбір кәсіпкер аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді қатысып, өз көмегін көрсетуі тиіс. Сондықтан осындай үлгіге біздің кәсіпкерлеріміздің көпшілігі сүйенуі тиіс», - деп атап өтті сапар барысында Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман.

Соңғы жаңалықтар